Аулалар жаңартылды

Аулалар жаңартылды
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанадағы Сарайшық ауданында «Халық қатысатын бюджет» жобасы жүзеге асты. Жоба аясында абаттандырылған екі ауланың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Астана күнінде А. Байтұрсынұлы көшесіндегі 17 және 19 мекенжайларындағы тұрғын үйлердің аулаларында кешенді абаттандыру жұмыстары толық аяқталып, тұрғындар игілігіне пайдалануға берілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz

Екі ауладағы балалар ойын алаңдары жаңартылды. Алаңға заманауи ойын кешендері, атап айтқанда карусель, қос әткеншек және тепе-теңдік әткеншегі орнатылды. Сонымен қатар, тұрғындардың ұсынысы негізінде қауіпсіз тартан жабыны төселді.

- Астана қаласы көркейді, күн санап өсіп жатыр. Бұған барлық қала тұрғындары куә деп айта аламын. Бүгінгі таңда біздің ауламызды жаңартты. Бұл жұмыстарын бір ай бұрын бастаған еді. Қазір толық пайдалануға беріліп отыр. Аула ішінің жолы жөнделді. Балалардың ойын алаңдары реттелді. Бүгінгі мерекеде балалар да ата-аналар да ризашылықтарын білдіріп отыр. Біз осы жердің тұрғыны ретінде алғыс айтамыз. Қала басшысынан бастап, аудан басшылығы көңілімізден шығатын жұмыстар жасап жатыр, соған қуанып отырмыз, -деді қала тұрғыны, ЕҰУ профессоры Сайлау Батыршаұлы.  

Шара барысында байқағанымыз спорттық инфрақұрылым жақсартылып, жаңа воркаут алаңы мен шағын футбол алаңы салынған. 

- Бүгінгі күнде үш аула пайдалануға берілді. Аула жұмыстары «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр. Бұл жерде көгалдандыру мен жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Тұрғындарға да балаларға да қолайлы әрі қажетті жұмыстар жасалды, -дейді Астана қаласы, Сарайшық ауданы әкімдігінің абаттандыру бөлімінің басшысы Сұлтан Шаймардан. 

Іс-шарада тұрғындармен кездесу ұйымдастырылып, жаңартылған аула аумақтары таныстырылды.

«Халық қатысатын бюджет» жобасы тұрғындардың бастамаларын қолдау арқылы ортаның сапасын арттыруға және жайлы өмір сүру кеңістігін қалыптастыруға бағытталған.