Астананың жасыл белдеуіне әуеден мониторинг жүргізілді

Астананың жасыл белдеуіне әуеден мониторинг жүргізілді
фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

«Жасыл аймақ» ЖШС РМК басшылығы мен мамандары «Казавиаорманқорғау» РМҚК өкілдерімен бірлесіп, елорданың жасыл белдеуіне әуеден мониторинг жүргізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Әуе бақылауына кәсіпорынның бас директоры, Жедел басқару орталығы мен Орманды күзету және қорғау бөлімінің басшылары, сондай-ақ авиациялық бөлімшенің мамандары қатысты.

Мониторинг барысында мамандар орман екпелерінің жай-күйін бағалап, жетуі қиын аумақтарды шолып, орманға қауіп төндіруі мүмкін жағдайлардың бар-жоғын бақылап шықты.

Әуе бақылауы кезіндегі назар аудартқан жайттардың бірі — жасыл белдеуде еліктердің көптеп кездесуі болды. Әртүрлі аумақтарда 4–5-тен топтасып жүрген, жалпы саны шамамен 50 елік байқалды.

Бұл — Астананың жасыл белдеуі тек адам қолымен қалыптасқан орман алқабы ғана емес, жануарлар дүниесіне де қолайлы тіршілік ортасына айналып келе жатқанын көрсетеді.

Бүгінде елорданың жасыл белдеуі өсімдіктер мен жануарлар қатар дамып келе жатқан тірі экожүйе ретінде қалыптасып келеді.

Осындай табиғи байлықты сақтау, орман екпелерін қорғау және экологиялық тепе-теңдікті қамтамасыз ету — мекеме жұмысының маңызды бағыттарының бірі.