Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Бұл Жолдаудың жолы да, жөні де бөлек болғаны рас. Себебі біз еліміздің басты саяси оқиғасына елеулі өзгерістерді жүзеге асырып, мемлекеттік басқару жүйесіндегі түбегейлі реформаларды табысты орындап, төрт құбыламыз теңеліп келдік. Президент жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның негізгі мақсаттарына тоқталды.
Ауқымды құрылыс
Жолдаудың өзегінде тұрған тақырып – ауқымды құрылыс. Алқалы жиында Мемлекет басшысы еліміздің әр аймағында әлеуметтік маңызы бар нысандардың жаппай құрылысы басталатынын мәлімдеді. Бұл жаңа мектептер, ауруханалар, мәдениет және спорт нысандары ашылып, халықтың тұрмысы айтарлықтай жақсарады деген сөз.
Цифрлық экономика
Тағы бір іргелі бастама – цифрлық экономика. Шын мәнінде, озық технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні дамыту – мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі. Бүгінгі басқосуда Президент озық шешімдерді ұлттық экономикаға кешенді енгізудің маңызы мен бағдарларын айқындап берді.
Көлік және логистика
Бұған қоса, көлік-логистика саласын дамыту жоспары баяндалды. Мемлекет басшысы Қазақстанның транзиттік әлеуетін еселей түсудің маңызына айрықша тоқталды.
Қазіргідей алмағайып заманда теңіз арқылы тасымал бағыттары сын-қатерге толы екені жасырын емес. Мұндай кезде құрлық арқылы жүк тасымалына сұраныстың арта түсетіні сөзсіз. Мемлекет басшысы осы тарихи мүмкіндікті қалт жібермеуіміз қажет екенін атап өтті.
Қоғамның барлық саласын қамтитын бастамалар
Жалпы, Жолдау экономикадан бөлек, қоғамның барлық саласын қамтыған толымды құжатқа айналды. Мәселен, мұнда Салық кодексіне өзгерістер енгізу, қаржы саласын реттеу, мемлекеттік қызмет саласын реформалау, мұғалім мәртебесін көтеру, құрылыс сапасын қатаң бақылауда ұстау сияқты айрықша маңызды бастамалар көтерілді.
Бүкіл қоғам ел дамуының бағыт-бағдарын жіті түсінуі үшін осы құжатты мұқият оқуға тиіс.
Түпкі мақсат – халықтың әл-ауқаты
Осы шаралардың түпкі мәні айқын. Бұл – халықтың табысын арттырып, келер ұрпаққа қуатты әрі ықпалды мемлекетті аманат етіп қалдыру.
Біз ұлт болып ұйысып, жұрт болып жұмыла білсек, осы міндетті орындайтынымыз анық.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш, болашағымыз баянды болсын!