Астанада қаланың ресми Дизайн-коды бекітілді. Бұл — елорданың алдағы уақытта қалай дамып, қандай келбетке ие болатынын айқындайтын маңызды қала құрылысы құжаты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Дизайн-кодта қалалық ортаны қалыптастыратын негізгі бағыттар бір жүйеге келтірілді: ғимараттардың қасбеттері, сыртқы жарнама мен маңдайшалар, көшелер мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, көгалдандыру, жарықтандыру, көше жиһазы, аялдамалар және навигация.
Сонымен қатар Астананың өзіндік қалалық қарпі — Astana Type әзірленді. Ол қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі қалалық навигация мен визуалды коммуникацияда қолданылатын болады.
Көгалдандыру мен абаттандыруға да бірыңғай талаптар енгізілді. Ағаш отырғызудан бастап көше кеңістігін ұйымдастыруға, орындықтар, шамдар мен басқа да қалалық элементтерді орналастыруға дейін ортақ қағидаттар белгіленді.
Ең бастысы — Дизайн-код енді жай ғана ұсыныстар жинағы емес, қалалық ортаны қалыптастыруда басшылыққа алынатын ресми құжат.
Бұл қаланың барлық бөлігін бірдей ету деген сөз емес. Керісінше, әр аудан мен көшенің ерекшелігін сақтай отырып, Астанаға үйлесімді әрі біртұтас қалалық стиль қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Осындай жүйелі шешімдер арқылы елорданың өзіндік сәулеттік келбеті мен танымал визуалды тілі біртіндеп қалыптасады.