Астананың аумақтық қорғаныс бригадасының қатысуымен әскери жиындар мен тактикалық-арнайы оқу-жаттығулар өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Оқу-жаттығулар Ақмола облысы Аршалы ауданындағы Арнасай ауылы маңында, Вячеслав су қоймасының аумағында ұйымдастырылды. Жаттығудың негізгі мақсаты – әскери міндеттілердің жауынгерлік және жұмылдыру дайындығын жетілдіру, сондай-ақ аумақтық қорғаныс міндеттерін орындау кезінде қажетті практикалық дағдыларын пысықтау.

Іс-шара барысында әскери құрылымдармен қатар полиция, төтенше жағдайлар қызметі, денсаулық сақтау және ішкі саясат басқармалары, сондай-ақ Ұлттық ұлан өкілдері қатысты.

Оқу-жаттығудың қорытынды кезеңінде қатысушылар маңызды инфрақұрылым нысандарын күзету және қорғау бойынша тапсырмаларды орындады. Әскери міндеттілер нақты жағдайға барынша жақындатылған жағдайда бірлесіп әрекет ету, қойылған міндеттерді орындау және өзара үйлесімді жұмыс істеу дағдыларын көрсетті.
Аталған жиындар аумақтық қорғаныс бөлімдерінің дайындығын арттыруға және әскери міндеттілердің практикалық тәжірибесін жетілдіруге бағытталды.