23 тамыз күні Астана қаласының пара және сурдо спортшылары, сондай-ақ жаттықтырушылар мен спорт саласының өкілдері өз азаматтық таңдауын жасап, дауыс беруге қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Дауыс беру учаскелеріне еліміздің намысын халықаралық аренада абыроймен қорғап жүрген белгілі спортшылар мен тәжірибелі жаттықтырушылар келді.
Олардың қатарында пара армрестлингтен Әлем және Азия чемпионы, пара нысана көздеуден Әлем және Азия чемпионы, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы Никита Игоревич Ермаков бар.

Никита Ермаков дауыс беруге қатысып, ел азаматтарына үндеу жасады:
«Бүгін елімізде алғаш рет Құрылтай сайлауы өтіп жатыр. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл — Қазақстан тарихының жаңа парағын ашатын тағдыршешті сәт. Барша азаматтарды сайлау учаскесіне келіп, еліміздің болашағы үшін дауыс беруге шақырамын.
Еліміз аман болсын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Алға, Қазақстан!» — деді Никита Ермаков.
Сондай-ақ дауыс беруге пара нысана көздеуден Әлем кубогының қола жүлдегері, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы Айгерім Тулегенова және пара нысана көздеуден Әлем кубогының күміс жүлдегері, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы әрі жүлдегері Ардақ Оторбаев қатысты.
Пара нысана көздеуден жаттықтырушы Михаил Александрович те өз азаматтық таңдауын жасады.
Паралимпиада спортшылары да дауыс беруге белсенді қатысты. Олардың қатарында 2024 жылы Парижде өткен жазғы Паралимпиада ойындарының чемпионы, пара дзюдодан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Ақмарал Науатбек бар.
Сурдо спорт өкілдері арасынан сурдо дзюдодан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Болат Мырзағазыұлы Данияров өз дауысын берді.
Сонымен қатар пара каратэден халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем және Азия чемпионы, Қазақстан Республикасының бірнеше дүркін чемпионы, VII Спартакиада жеңімпазы Ляззат Жусупова да сайлау учаскесіне келіп, өз таңдауын жасады.
Дауыс беруге Астананың басқа да пара және сурдо спортшылары мен жаттықтырушылары қатысып, белсенді азаматтық ұстанымдарын білдіріп, елдің қоғамдық өміріне атсалысты.
Спортшылар үшін ел болашағына бейжай қарамай, өз азаматтық ұстанымын білдіру маңызды. Бүгінгі дауыс беру елордалық спорт қауымдастығы өкілдерінің тек спорт аренасында ғана емес, Қазақстанның қоғамдық өмірінде де белсенді екенін көрсетті.