Астанада Жоғары аудиторлық палатаның 30 жылдығына арналған Спартакиада өтті

Астанада Жоғары аудиторлық палатаның 30 жылдығына арналған Спартакиада өтті
фото: Жоғары аудиторлық палатасы

Астанада ҚР Жоғары аудиторлық палатасының 30 жылдығына және өңірлік тексеру комиссияларының 15 жылдығына арналған кәсіби Спартакиада өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шара бағдарламасына 4 спорт түрі енді: шағын футбол волейбол үстел теннисі шахмат Жарысқа Жоғары аудиторлық палата мен тексеру комиссияларының 180 қызметкері қатысып, аймақтық қағидат бойынша жасақталған 8 командада (Солтүстік өңір, Шығыс өңірі, Орталық өңір және т.б.) бақ сынады. Финалдық кезеңнің алдында өңірлерде тиісті іріктеу жарыстары ұйымдастырылды. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Әлихан Смайылов Спартакиаданың Жоғары аудиторлық палатаның мерейтойлық іс-шараларының маңызды бөлігі екенін атап өтті. Жарыстың басты мақсаты – мемлекеттік аудиторлар арасында салауатты өмір салтын насихаттау.

«Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұқаралық спортты дамыту саясатының маңызды бағыттарының бірі. Әрқайсыңыз тек жеңіс үшін емес, командалық рухты, өзара сыйластықпен адал бәсекелестікті дәріптеу үшін қатысасыздар деп сенемін», деді — Ә. Смайылов.

Салтанатты шара барысында Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қатысушыларды құттықтап сөз сөйледі.

Осы күні әріптестеріне қолдау көрсету үшін Жоғары аудиторлық палата мен тексеру комиссияларының жүздеген қызметкері жиналды. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаз командалар мен ерекше көзге түскен қызметкерлер естелік сыйлықтармен марапатталды. Жоғары аудиторлық палатаның 30 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар аясындағы келесі ірі оқиға жоғары аудит органдарының, орталық мемлекеттік органдардың, ғылыми және сарапшылық қоғамдастықтың өкілдері қатысатын халықаралық конференция болмақ. Конференция 2026 жылғы қыркүйек айына жоспарланған.