2026 жылғы 10 шілдеде ҚР Ұлттық музейінде Медицина қызметкері күніне орай «Жақсы дәрігер» республикалық фотокөрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Аталған көрме – еліміздің денсаулық сақтау саласының кәсіби беделін арттыруға, медицина қызметкерлерінің қоғамдағы мәртебесін нығайтуға және отандық медицинаның жетістіктерін кеңінен насихаттауға бағытталған «Жаңа медицина: сенім, сапа, адами капитал және инновациялар» республикалық медициналық имидждік жобасы аясында ұйымдастырылуда.
Жобаның негізгі мақсаттары:
- медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыру;
- денсаулық сақтау жүйесіне деген қоғамдық сенімді нығайту;
- медицина саласындағы заманауи жетістіктер мен инновацияларды насихаттау;
- Қазақстан Республикасындағы медициналық ұйымдардың оң имиджін қалыптастыру.
«Жақсы дәрігер» фотокөрмесі арқылы медицина саласында қажырлы еңбек етіп жүрген дәрігерлер мен денсаулық сақтау қызметкерлерінің кәсіби қызметі, адам өмірін сақтаудағы жанқиярлық еңбегі және қоғам алдындағы маңызды миссиясы көркем фототуындылар арқылы көпшілік назарына ұсынылады.
Іс-шара аясында жоба қатысушыларына медиялық және имидждік сүйемелдеу көрсетіліп, мемлекеттік органдардың, медицина қауымдастығының, мәдениет саласының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бас қосады.
Жоба шеңберінде республикалық қоғамдық-саяси және ақпараттық-танымдық «Sultan magazine» журналының арнайы шығарылымы әзірленеді. Басылым Қазақстан Республикасының медициналық ұйымдарына арналған кәсіби имидждік әрі энциклопедиялық жинақ ретінде жарық көрмек. Онда медициналық мекемелердің қызметі, жетістіктері, заманауи технологиялары, инновациялық шешімдері, ғылыми және практикалық әзірлемелері туралы материалдар, сондай-ақ денсаулық сақтау ұйымдары басшыларының сұхбаттары жарияланады.
Жобаның басты мақсаты – отандық денсаулық сақтау жүйесінің жетістіктерін кеңінен таныстыру, кәсіби тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау және қазақстандық медицинаның даму әлеуетін көрсету.
Көрменің өту мерзімі: 2026 жылғы 10 – 15 шілде күндері.