Астанада VIII Халықаралық жас геологтардың далалық олимпиадасының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Ауқымды халықаралық білім беру жобасы Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінен келген 140 мектеп оқушысын бір алаңға тоғыстырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бір апта бойы қатысушылар геолог мамандарының нақты жұмыс жағдайына барынша жақындатылған тәжірибелік сынақтардан өтті. Жас зерттеушілер геологиялық маршруттарды өту, минералогия, петрография, палеонтология, гидрология, магнитометрия, шлихтық сынама алу, мұнай-газ геологиясы, геологиялық есептерді дайындау, сондай-ақ далалық лагерьді ұйымдастыру және еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша білімдері мен дағдыларын көрсетті.
Олимпиада қорытындысы бойынша жеке есепте «Прикамье жас геологтары» командасының мүшесі Алёна Варлашова жеңімпаз атанды. Екінші орынды Ярослава Береснева («Прикамье жас геологтары»), үшінші орынды «Geo Museum» командасының қатысушысы Әмір Маратов иеленді.
Командалық есепте бірінші орынды Ресей Федерациясының Пермь қаласынан келген «Прикамье жас геологтары» командасы жеңіп алды. Қазақстан құрамасының «Аспан» командасы күміс жүлдеге ие болса, Беларусь Республикасының «Беларусь Республикасының жас геологтары» командасы үшінші орынды иеленді.
Олимпиада қорытындысы бойынша Қазақстан-Британ техникалық университетінің білім гранттары Виктория Вильянова («Георуд» командасы) мен Амирхан Исатаевқа («ЖасОникс» командасы) табысталды. Ал Satbayev University ректорының гранттары Бекнұр Оразбайға, Илья Авдеевке және Юлия Першинаға берілді.
Олимпиаданың бас ұйымдастырушысы – «Жас геолог» корпоративтік қоры. Іс-шара Астана қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебімен (физика-математика бағыты) серіктестікте ұйымдастырылып, Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Геология комитеті мен Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің қолдауымен өтті.
VIII Халықаралық жас геологтардың далалық олимпиадасы геология ғылымына қызығушылық танытқан дарынды жастарды қолдаудың, геология саласын дәріптеудің және болашақ білікті мамандарды даярлаудың маңызды алаңы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.