Астана қаласында 2026 жылғы 2 қазаннан бастап эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша инфекцияны жұқтыру қаупі жоғары халық топтарын тұмауға қарсы вакцинациялау басталды. Осы мақсатта елордаға Ресейде өндірілген «Гриппол +» вакцинасының 175 555 дозасы жеткізілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Вакцинация Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 26 тамыздағы «2026–2027 жылдардың эпидемиялық маусымында тұмау, жіті респираторлық вирустық инфекциялар (ЖРВИ) және COVID-19 коронавирус инфекциясы жөніндегі санитариялық-эпидемияға қарсы, санитариялық-профилактикалық іс-шараларды жүргізу туралы» № 11 қаулысына сәйкес жүргізілуде.
Профилактикалық екпелермен қамтылатын топтарға созылмалы аурулары бар адамдар, мектеп оқушылары, жүкті әйелдер, егде жастағы адамдар, ерте жастағы балалар, сондай-ақ жабық үлгідегі мекемелер мен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін ұйымдарда болатын адамдар жатады.
Сонымен қатар елордада жіті респираторлық вирустық инфекциялармен сырқаттанушылықтың өсуі байқалады. 2026 жылғы 1–7 қазан аралығында қалада ЖРВИ-дің 7 649 жағдайы тіркелді. Сырқаттанушылық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 466,6-ны құрап, алдыңғы аптамен салыстырғанда 1,2 есе өсті.
Эпидемиялық маусымда инфекциялардың алдын алу және халықтың тәуекел топтарын профилактикалық екпелермен қамту жұмыстары жалғасуда.