Астана қаласында педагогикалық мамандықтарды қолдау және педагог кадрларын даярлау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгінде педагогикалық мамандықтар бойынша қала әкімдігінің гранты негізінде шамамен 2 мың студент білім алуда. Соңғы үш жылда 1 314 түлек оқуын сәтті аяқтап, диплом алды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Педагог кадрларға деген сұранысты қамтамасыз ету мақсатында 2026–2030 оқу жылдарына арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімді кадрларды даярлауға 303 грант қарастырылды. Оның 188-і педагогикалық мамандықтарға бөлінген. Бұл мектепке дейінгі тәрбие, бастауыш білім беру, математика, информатика, физика және арнайы педагогика сияқты сұранысқа ие бағыттар бойынша мамандар даярлауға мүмкіндік береді.
Педагогтерді даярлау жүйесін жетілдіру мақсатында Педагогикалық институт құрылып, ол Астана халықаралық университетінің құрамына енгізілді. Бұл қадам педагогикалық білімнің сапасын арттыруға және елорда мектептерін білікті мамандармен қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Сонымен қатар, жас педагогтерді әлеуметтік қолдау шаралары да жүзеге асырылуда. Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша білім алған түлектерге арналған «Ұстаздар жатақханасы» жұмыс істейді. 350 орынға арналған жатақханада бүгінде 243 жас маман тұрады. Мұнда тұрғын бөлмелермен қатар оқу сыныптары мен кітапхана да қарастырылған.
Осылайша, елордада педагог кадрларын даярлау мен қолдауға бағытталған кешенді жұмыстар білім беру жүйесін білікті мамандармен қамтамасыз етуге және педагог мамандығының беделін арттыруға негіз болып отыр.