Астанада отандық өнеркәсіпті дамыту мәселелері талқыланды

Астанада отандық өнеркәсіпті дамыту мәселелері талқыланды
фото: atameken.kz

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасында «Өнеркәсіп, дамыту және отандық тауар өндірушілерді қолдау» салалық кеңесінің отырысы өтті. Жиында қазақстандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, заманауи стандарттарды енгізу, мемлекеттік қолдау тетіктері және кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі стандарттау жүйесін дамыту болды. «ҚазСтандарт» РМК жаңа қызметтерді енгізу басқармасының басшысы Болат Абайұлы отандық тауар өндірушілерді қолдауға бағытталған қолданыстағы құралдар туралы баяндап, бизнеске арналған «бір терезе» қағидатының жұмыс істеу тәртібін таныстырды.

Оның айтуынша, бүгінде отандық тауар өндірушілер мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға қатысу кезінде қосымша мүмкіндіктерге ие. Сонымен бірге, кәсіпорындар технологиялық алшақтық, экспорттық нарықтарға шығудағы қиындықтар, метрология мәселелері мен реттеуші шектеулер сияқты бірқатар жүйелі кедергілерге әлі де тап болып отыр.

«ҚазСтандарт» Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттау органы әрі ғылыми-метрологиялық орталығы ретінде бизнеске «бір терезе» қағидаты бойынша кешенді қолдау көрсетеді. Кәсіпорындар стандарттау, сертификаттау, метрология және экспорттық қызмет мәселелері бойынша консультациялық әрі сараптамалық қолдау ала алады.

Отырыс барысында кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мәселелері де қаралды. Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары Жеңіс Шажанбаев бизнестің өтініштерін сүйемелдеу жұмыстары туралы баяндады. Ол Палатаның кәсіпкерлерге құқықтық көмек көрсететінін, консультациялар беретінін, заңнамадағы өзгерістерді түсіндіретінін, сондай-ақ құқықтық сауаттылықты арттыруға бағытталған оқыту іс-шараларын ұйымдастыратынын атап өтті.

Сонымен қатар Құрылысшы күні қарсаңында елдің құрылыс саласының дамуына елеулі үлес қосып жүрген кәсіпорындар марапатталды. Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлиннің атынан құрылыс материалдарын, металл конструкцияларын және құрылыс индустриясына қажетті өзге де өнімдерді өндіретін отандық кәсіпорындарға алғыс хаттар табысталды.

Отырыс қорытындысы бойынша Кеңес мүшелері 2026 жылдың екінші жартыжылдығына арналған жұмыс жоспарына енгізілетін өзекті мәселелердің тізбесін қалыптастырды. Аталған мәселелерді одан әрі пысықтау отандық тауар өндірушілерді қолдау тетіктерін жетілдіруге және елдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға бағытталған ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.