Астанада «Назар аударыңыз – балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде

Астанада  «Назар аударыңыз – балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде
фото: видеоскрин

Астанада 15 тамыздан 30 қыркүйекке дейін «Назар аударыңыз – балалар!» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Басты мақсат – балалардың жолда, мектепте және күнделікті өмірде қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Полиция қызметкерлері мектеп автобустарының қауіпсіздігін, олардың техникалық жағдайын, сондай-ақ мектеп маңындағы жолдар мен жаяу жүргіншілер өткелдерін тексеруде. Анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті шаралар қабылдануда. Мектептердегі қауіпсіздікке де ерекше көңіл бөлінуде. Бейнебақылау камераларын полицияның жедел басқару орталықтарына толық қосу жұмыстары жүргізілуде. Әр мектепке полиция қызметкерлері бекітілген. Олар балалармен кездесіп, қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, түрлі жағдайларда қалай дұрыс әрекет ету керектігін үйретуде. 

-Бала қауіпсіздігі – тек полицияның немесе мектептің міндеті емес. Бұл – ең алдымен, ата-ананың да жауапкершілігі. Күн сайын балаңызбен бірнеше минут қауіпсіздік туралы сөйлесіңіз. Жолды тек жаяу жүргіншілер өткелі арқылы өту, жолдан өтерде жан-жағына қарау, телефонға алаңдамау, бейтаныс адамдармен бірге кетпеу сияқты қарапайым ережелерді үнемі еске салып отырыңыз. Ал балаларға айтарымыз, әрқашан сақ және мұқият болыңдар. Егер бір нәрсе сендерге қауіпті немесе күмәнді болып көрінсе, үндемей қалмаңдар. Бұл туралы міндетті түрде ата-аналарыңа, мұғалімге немесе полиция қызметкеріне айтыңдар. Баланың қауіпсіздігі – баршамызға ортақ жауапкершілік. Бірге қамқор болсақ, әр бала мектепке аман барып, үйіне қауіпсіз оралады, - дейді ІІМ Әкімшілік полиция комитеті Ювеналды полиция басқармасының бастығы Асхат Дүйсембеков.