Бір айда республика бойынша 15 мыңға жуық граффити жойылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Таңертең үйден шығып, подъезге беттегенде, кеше ғана тап-таза болған қабырғадан бейтаныс жазуды көрдіңіз делік. Бір қарағанда, оған мән бермеуге де болады. Алайда осындай ұсақ көрінетін әрекеттер ауланың ажарын кетіріп, тұрғындардың ортақ кеңістікке деген көзқарасына әсер етеді. Ал қабырғадағы жазулардың бәрі бірдей жай бұзақылық емес. Кейбірі есірткі саудасын жарнамалап, оны қайдан және қалай алуға болатынын көрсетеді.
Мұндай наркограффитилердің артында адам денсаулығы мен қоғам қауіпсіздігіне төнетін әлдеқайда үлкен қауіп тұр. Сондықтан мұндай жазуларға қарсы күрес — жай ғана қабырғаны тазалау емес, көшенің қауіпсіздігін сақтау жолындағы маңызды жұмыс. Бір айдың ішінде полиция қызметкерлері республика бойынша 15 мыңға жуық граффитиді жойды. 6 597 әкімшілік іс қозғалып, алты дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Оның төртеуі есірткі жарнамасына, екеуі вандализмге қатысты.