Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында «Конституциялық реформа: заңнаманы және мемлекеттік басқаруды дамытудың қазіргі заманғы үрдістері» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Іс-шара аралас форматта ұйымдастырылып, оған қатысушылар офлайн және онлайн режимде қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ауқымды жиынды Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі, Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институты және «Халықаралық заңгерлер ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі бірлесіп ұйымдастырды.
Конференция барысында сарапшылар конституциялық реформалардың мемлекеттік басқару жүйесін жетілдірудегі маңызын жан-жақты талқылап, заң үстемдігін қамтамасыз ету тетіктері мен адам құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың өзекті мәселелеріне назар аударды. Сондай-ақ заңнаманы жаңғыртудың негізгі бағыттары, халықаралық тәжірибе және қазіргі заманның сын-қатерлеріне бейімделу мәселелері кеңінен қарастырылды.
Пікірталасқа Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің өкілдері, Конституциялық Соттың судьялары, Парламент Мәжілісінің депутаттары, Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшелері, Әділет министрлігі мен өзге де мемлекеттік органдардың басшылығы, қоғам қайраткерлері және отандық заң ғылымының жетекші өкілдері қатысты. Конференция жұмысына Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Башимов модераторлық етті.
Конференцияның құрметті қонағы ретінде Өзбекстан Республикасы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталығы директорының бірінші орынбасары, заң ғылымдарының докторы, профессор Мирзатилло Тиллабаев қатысты. Ол өз сөзінде конституциялық реформаларды іске асыру, заңнаманы жетілдіру және мемлекеттік басқару тетіктерін дамыту бағытындағы Өзбекстан тәжірибесімен бөлісті.
Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар заңнаманы одан әрі жетілдіруге, құқықтық реттеудің тиімділігін арттыруға және заң шығару қызметін ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ету тетіктерін күшейтуге бағытталған бірқатар практикалық ұсынымдар әзірледі.