Отандық IT-компаниялар Астананың көлік жүйесін дамытуға арналған цифрлық шешімдерін ұсынды

Отандық IT-компаниялар Астананың көлік жүйесін дамытуға арналған цифрлық шешімдерін ұсынды
https://atameken.kz

Астанада жол қозғалысын реттеу, көлік кептелісін азайту және қоғамдық көліктің қолжетімділігін арттыруға бағытталған отандық технологиялар таныстырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Таныстырылым Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының «Ақпараттық технологиялар» салалық кеңесінің отырысында өтті.

Кәсіпкерлер автотұрақтарды басқару және көліктерді эвакуациялау, жолақысын төлемеген жолаушыларды анықтау, нақты жолаушылар ағынына сәйкес автобус бағыттарын оңтайландыру жүйелерін көрсетті. Сондай-ақ жасанды интеллект пен цифрлық талдау негізінде көлік кептелісін болжау технологиялары ұсынылды.

Бұдан бөлек, көру қабілеті бұзылған азаматтардың қоғамдық көлікті пайдалануына жағдай жасау және автобустардың техникалық жай-күйін бақылау құралдары таныстырылды.

Жобалармен Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасының, Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер басқармасының, «Астана Innovations» АҚ мен «Жол қозғалысын ұйымдастыру орталығы» ЖШС өкілдері танысты.

Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар ұсынылған технологияларды зерделеп, оларды елордада қолдану мүмкіндіктерін бағалайды. Перспективалы жобаларды пилоттық режимде сынақтан өткізу мәселесі де қарастырылады.

Сынақ нәтижелері цифрлық шешімдердің тиімділігін бағалап, оларды қалалық көлік инфрақұрылымына енгізу жөнінде шешім қабылдауға негіз болады.