Елордадағы Жастар саясаты мәселелері басқармасы, «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы, қалалық Еңбек мобильділігі орталығы және «Esil University» бірлесіп, университет аумағында бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жәрмеңке жұмыс іздеп жүрген жоғары оқу орындарының түлектері мен жастарға арналған.
Негізгі мақсат – жұмыссыз азаматтарды, оқу орындарының түлектерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, яғни жұмыс беруші мен жұмыс іздеушінің тікелей байланысын қамтамасыз ету.
Іс-шара барысында жұмыс берушілер өз компанияларының таныстырылымын өткізіп, бос жұмыс орындарымен таныстырады және ең лайықты кандидаттардың жеке базасын қалыптастырады.
Өз кезегінде жұмыс іздеушілер HR-менеджерлермен сұхбаттасып, өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, сұхбаттасудан өтуге мүмкіндік алады.
Жәрмеңке 7 қараша күні сағат 13:30-да «Esil University» ғимаратында, яғни Жұбанов көшесі, 7 мекенжайында өтеді.