Астанада «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жыл сайынғы көрмесі өтіп, оған елорданың 38 тауар өндірушісі қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Қатысушылар азық-түлік өнімдерін, киім-кешек, қолөнер бұйымдарын, табиғи косметиканы, ағаштан, былғарыдан және киізден жасалған бұйымдарды, сондай-ақ жергілікті шикізаттан өндірілген өзге де өнімдерін көпшілік назарына ұсынды.
Іс-шараның ашылуында Астана қаласы Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин жобаның 2023 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқанын және отандық өндірушілерді қолдаудың тиімді тетігіне айналғанын атап өтті.
«Жобаның басты мақсаты – жергілікті шикізат негізінде өндірілетін бірегей өнімдерді анықтап, өндірушілердің технологияларын жетілдіруге қолдау көрсету және бәсекеге қабілетті отандық брендтерді қалыптастыру. Біз мұндай өнімдердің Астанада ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде де кеңінен танылуына мүдделіміз», - деді Қанат Әлин.
Көрме қорытындысы бойынша конкурстық комиссия жобаның 20 жартылай финалисін анықтады. Келесі кезеңде өңірлік бренд-комитет 10 финалисті іріктейді. Олар өндірісті дамытуға қажетті жабдықтарды сатып алуға арналған 5 млн теңге көлеміндегі грантқа үміткер болады.
Сонымен қатар финалистерге маркетингтік қолдау көрсетіліп, SMM ілгерілету, маркетплейстермен жұмыс істеу бойынша оқыту, қаптамасы мен брендін жетілдіру, сондай-ақ өндіріс технологияларын дамыту, өнімді стандарттау, штрих-код алу және тауар белгісін тіркеу бағытында сарапшылардың консультациялары ұсынылады.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасының жартылай финалына өткен қатысушылар:
Мереке Әліпова – әшекейлер мен аксессуарлар;
Ермек Кәрім – ағаштан жасалған бұйымдар;
Шәріпбек Ахметов – өрік сүйегінің дәні;
Қарашаш Сүлейменова – глютенсіз пайдалы жартылай фабрикаттар;
Марат Сыздықов – ұлттық ағаш бұйымдары;
Ернар Нұрмағамбетов – әскери-тарихи қалайы миниатюралары;
Бақытхан Секейхан – былғары етіктер;
Шолпан Смағұлова – пряниктер;
Ләззат Қалимолдаева – табиғи сабын, сусабын және шашқа арналған кондиционерлер;
Аятолла Жұмабеков – сазсырнай және керамикалық бұйымдар;
Жазира Төлегенова – түрлі ассортименттегі құрт;
Атыркүл Айтбаева – киізден жасалған бұйымдар;
Айгүл Қасымова – киізден жасалған картиналар;
Дмитрий Бока – бал, ұялы бал және омарташылық өнімдері;
Анар Гурова – кондитерлік өнімдер;
Әлия Байменова – қолдан жасалған авторлық керамика;
Лариса Ембергенова – шұжық өнімдері;
Айгерім Ескендірова – астау, ыдыс-аяқ және ағаш бұйымдары;
Мадина Сәкенова – дизайнерлік тақиялар, киізден жасалған әшекейлер және фетрден жасалған кәдесыйлар;
Ақжол-би Сәрсембаев – қолдан жасалған хош иісті өнімдер.