Астанада жергілікті бірегей өнімдерді анықтап, оларды ілгерілетуге, шағын бизнесті дамытуға және өңірлік брендтерді қалыптастыруға бағытталған «Бір ауыл – бір өнім» (БАБӨ) жобасының 10 финалисі анықталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жобаның қорытынды кезеңі Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасы жанынан құрылған Бренд-комитеттің отырысы аясында өтті. Комитет құрамына Кәсіпкерлер палатасының, Астана қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының, бизнес-қоғамдастық пен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кірді.
Көрме-жәрмеңке нәтижесінде іріктеуден өткен қатысушылар өз жобаларын комитет мүшелеріне таныстырып, өнімдерінің ерекшелігі, сапасы және даму мүмкіндіктері туралы айтып берді.
Қорытындысында Бренд-комитет белгіленген критерийлер бойынша жобаларды бағалап, 10 финалисті анықтады:
1. Ернар Нұрмағамбетов – әскери-тарихи қалайы миниатюралары;
2. Айгүл Қасымова – киізден жасалған картиналар;
3. Ляззат Қалимолдаева – табиғи сабын, сусабын және шашқа арналған кондиционерлер;
4. Алия Байменова – қолдан жасалған авторлық керамика;
5. Бақытхан Секейхан – былғары етік;
6. Жазира Төлегенова – құрттың түрлі түрлері;
7. Қарашаш Сүлейменова – глютенсіз жартылай фабрикаттар;
8. Аятолла Жұмабеков – сазсырнай және керамикалық бұйымдар;
9. Шәрібек Ахметова – өрік дәндері;
10. Шолпан Смағұлова – пряниктер.
Финалистерге өндірісті дамытуға қажетті жабдықтарды сатып алуға арналған 5 млн теңге көлеміндегі грант алу мүмкіндігі беріледі.
Сонымен қатар жоба аясында финалистерге кешенді қолдау көрсетіледі. Оның ішінде маркетингтік сүйемелдеу, SMM арқылы ілгерілету, маркетплейстермен жұмыс істеу бойынша оқыту, қаптама мен брендті әзірлеу және жаңарту қарастырылған.
Мамандар өндірістік технологияларды жетілдіру, өнімді стандарттау, штрих-код алу және тауар белгісін тіркеу бойынша кеңес береді. Жергілікті өнім өндірушілердің өз өнімдерін сауда желілері мен дүкендерге шығаруына да қолдау көрсетіледі.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы Астанада төртінші жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Жобаның негізгі мақсаты – жергілікті өндірушілерді қолдау, олардың өнімдерін дамытуға жағдай жасау және ішкі әрі халықаралық нарықта бәсекеге қабілетті өңірлік брендтердің қалыптасуына ықпал ету.