Астана қаласындағы №91 мектеп-гимназиясында ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған «Атамекен – достық мекені» киіз үй лагерінің үшінші кезеңінің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Ұлттық тәрбиеге негізделген жоба балалардың жазғы демалысын мазмұнды ұйымдастырып, оларды қазақ халқының салт-дәстүрімен, мәдениетімен және рухани мұрасымен таныстыруды мақсат етеді.
Лагерьге 2–6-сынып аралығындағы оқушылар қатысуда. Әр топта шамамен 30 бала бар. Бағдарлама балалардың жас ерекшеліктеріне сай әзірленіп, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын түрлі танымдық, мәдени және шығармашылық іс-шараларды қамтиды. Лагерь бағдарламасының ерекшелігі – әр күннің белгілі бір тақырыпқа арналуында. Бір күні ұлттық тағамдар насихатталса, келесі күні ұлттық аспаптар күні ұйымдастырылады. Ұлттық домбыра күніне орай лагерьде арнайы Домбыра күні өткізіліп, балалармен кездесуге кәсіби мамандар шақырылады. Сонымен қатар тәрбиеленушілер үшін театрларға, кино көрсетілімдеріне және елорданың көрікті орындарына танымдық экскурсиялар ұйымдастырылады.

Салтанатты іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен басталды. Одан кейін мектеп әкімшілігі мен ұйымдастырушылар балаларды жаңа кезеңнің басталуымен құттықтады. Лагерь басшысы Бейсенова Зульфия Сарбаевна жобаның өскелең ұрпаққа ұлттық тәрбие берудегі маңызына тоқталды.Мерекелік бағдарлама барысында лагерь тәрбиеленушілері өнер көрсетіп, көпшілік назарына флешмоб ұсынды. Сонымен қатар қазақ халқының тәрбиелік мәні зор ұлттық ойындары насихатталып, балалар «Арқан тарту» мен «Асық ату» сайыстарына белсенді қатысты.
Іс-шараның сәнін «Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының» қариялары келтірді. Ұлттық аспаптардың сүйемелдеуімен өнер көрсеткен қариялар «Жеңеше-ай» мен «Ал, құрбым» әндерін орындап, көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Домбыраның қоңыр үнімен шашу шашылып, киіз үйдің тұсауы кесілді. Бұдан кейін лагерь тәрбиеленушілері ант қабылдап, жаңа кезеңнің ресми ашылғанын айшықтады.
Шара соңында қонақтар киіз үйде жайылған дастарханнан дәм татып, ұлттық тәрбие төңірегінде тағылымды әңгіме өрбітті. Басқосу барысында «Ауылдан адам көшпейді» және «Еркем-ай» әндері шырқалып, ақсақалдар ақ батасын берді.
Салтанатты жиында лагерьдің ұлттық нақышта безендірілуіне ерекше үлес қосқан көркем еңбек пәнінің мұғалімі Елеукенова Гүлшаттың еңбегі аталып өтіп, алғыс білдірілді.
«Атамекен – достық мекені» киіз үй лагері балалардың ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттырып, салт-дәстүр сабақтастығын нығайтуға бағытталған маңызды жобалардың бірі болып табылады.
Аружан Есенгелді