Астанада аса ірі көлемдегі алаяқтыққа қатысы бар дропперлер ұсталды

Астанада аса ірі көлемдегі алаяқтыққа қатысы бар дропперлер ұсталды
фото: polisia.kz

Елордада 78 жастағы қала тұрғыны өзін мемлекеттік органдар мен банк қызметкерлері ретінде таныстырған телефон алаяқтарының сөзіне сеніп, ақшасын сақтап қалу сылтауымен өзінің жинақ қаражатын алаяқтардың есепшоттарына аударған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Сонымен қатар олардың нұсқауымен алтын әшекейлерін сатып, одан түскен ақшаны да алаяқтар көрсеткен шоттарға жіберген. Полиция қызметкерлері жәбірленушінің ақшасы түскен банк шоттарының иелерін анықтады. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында елорданың 19 және 21 жастағы екі тұрғыны ұсталды.

Тергеу барысында олардың ақшалай сыйақы үшін алаяқтарға өздерінің банк шоттарын, ұялы телефондарын, SIM-карталарын пайдалануға бергені, сондай-ақ банк мобильді қосымшаларын және криптовалюта биржасындағы аккаунттарды өз атына тіркегені анықталды. Кейін бұл құралдар қылмыстық схемада пайдаланылған. Ұсталғандардың бірінің банк шотына қылмыстық жолмен алынған 1 миллион теңге, ал екіншісінің шотына 2,5 миллион теңге түскені белгілі болды.

Күдіктілерге қатысты дропперлік фактісі бойынша қылмыстық істер қозғалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Полиция азаматтарға банк карталарының деректемелерін, растау кодтарын, мобильді банк қосымшаларының логині мен құпиясөзін бөгде адамдарға бермеуді ескертеді. Сондай-ақ ақшалай сыйақы үшін өз атыңызға банк шотын ашуға, SIM-карта рәсімдеуге немесе қаржылық сервистерді тіркеуге келіспеңіз. Жеке деректеріңізді үшінші тұлғаларға беру арқылы сіз қылмысқа сыбайлас қатысушыға айналып, қылмыстық жауапкершілікке тартылуыңыз мүмкін.