2026 жылдың 24 шілдесінде Астанада электрлі тік ұшып-қонатын (eVTOL) әуе аппаратының негізіндегі аэротаксидің алғашқы ұшу демонстрациясы өтеді. Іс-шара «Қазанат» ипподромының аумағында ұйымдастырылып, Қазақстандағы қалалық әуе мобильдігін (Urban Air Mobility, UAM) дамытудағы кезекті кезең болмақ, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Демонстрациялық ұшу мақсатында ішіне бір ұшқыш пен бес жолаушы сыятын eVTOL AutoFlight Prosperity жолаушылар аппараты пайдаланылады. Әуе кемесі сағатына 200 км жылдамдыққа дейін ұшып, 200 км-ге дейінгі қашықтықты еңсере алады.
Іс-шараны қазақстандық жеке «Alatau Advance Air Group Ltd.» (AAAG) компаниясы Қытайлық AutoFlight атты халықаралық серіктес–компаниясымен бірлесіп ұйымдастырады.

Еске сала кетейік, Қазақстандағы алғашқы eVTOL демонстрациялық ұшулары 2026 жылдың мамыр айында Алатау қаласында өтті. Бүгінде қалалық әуе мобильдігін дамыту қажетті заңнамалық базамен қамтамасыз етілген. 2026 жылдың 8 мамырында Алатау қаласын инновациялық көлік технологияларын, оның ішінде қалалық әуе мобильдігін енгізудің пилоттық алаңы ретінде айқындаған «Алатау қаласының арнайы құқықтық режимі туралы» Конституциялық заң қабылданды. Заң 1 шілдеден бастап күшіне енді, ал оның нормалары жыл бойы кезең-кезеңімен енгізіледі.
Сонымен қатар 24 маусымда Қазақстан Президенті қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Құжатта алғаш рет eVTOL аппараттарының, вертипорттардың және ұшқышсыз әуе қозғалысын басқару жүйесінің құқықтық мәртебесі бекітілді. Осының нәтижесінде Қазақстан АҚШ, Қытай, Корея Республикасы, Біріккен Араб Әмірліктері және Еуропалық одақ елдерімен қатар қалалық әуе мобильдігі технологияларын жүйелі түрде дамытып жатқан мемлекеттердің қатарына қосылды. Астанада өтетін демонстрациялық ұшу осы саланы дамытудағы келесі тәжірибелік қадам болады.

Өтетін күні: 2026 жыл 24 шілде
Басталу уақыты: 09:00
Өтетін орны: Астана қаласы, «Қазанат» ипподромы («Арғымақ»)
Демонстрациялық ұшудың өткізілу күні мен уақыты ауа райына байланысты өзгеруі мүмкін. Өзгерістер болған жағдайда бұл туралы қосымша ақпарат беріледі.
Іс-шараға қатысу үшін БАҚ өкілдері міндетті түрде мына сілтеме арқылы аккредитациядан өтуі қажет: https://forms.gle/mZBbdpRmQ63hbqNA9
Аккредитацияға өтінім қабылдау 23 шілде сағат 18:00-де аяқталады.