Елордада әйелдер мен отбасыны қолдау шаралары талқыланды

Елордада әйелдер мен отбасыны қолдау шаралары талқыланды
фото: Астана қаласының әкімдігі

Елордада еліміздің барлық өңірлерінде қатар өтіп жатқан Отбасы күніне арналған апталық басталды. 7-13 қыркүйек аралығында отбасының құндылығы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған түрлі ақпараттық, ағартушылық және қоғамдық бастамаларға тұрғындар қатыса алады. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан Астана қаласы Коммуникациялар қызметі алаңында өткен жиында мәлімдеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

        Спикер отбасы адамның негізгі өмірлік құндылықтарын қалыптастырып, сыйластыққа, жауапкершілікке және қамқорлыққа тәрбиелейтінін атап өтті. 

-  Қазақтың «Отан — отбасынан басталады» деген нақыл сөзі бар. Мемлекеттің әл-ауқаты отбасылардың қаншалықты берік, үйлесімді және қорғалған болуына тікелей байланысты, - деді ол. 

Аптаның әр күні жеке тақырыпқа арналады:

  • 7 қыркүйек — ұрпақтар сабақтастығы және дәстүр мен қазіргі заманның байланысы;
  • 8 қыркүйек — отбасын саналы түрде құру;
  • 9 қыркүйек — жауапты ата-ана болу;
  • 10 қыркүйек — балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігі;
  • 11 қыркүйек — отбасы қамқорлық пен қолдау кеңістігі ретінде;
  • 12 қыркүйек — өмірлік қиын жағдайларда өзара көмек көрсету;
  • 13 қыркүйек — ата-аналар мен балалардың бірге уақыт өткізуі.

        Елордада бірқатар іс-шаралар жоспарланған: отбасылық дәстүрлер, салауатты қарым-қатынас, отбасылық бюджет, жауапты ата-ана болу және дағдарысты жағдайларды еңсеру тақырыптарында кездесулер мен ашық пікірталастар. Жастарға ерекше назар аударылады, атап айтқанда, қарым-қатынасты сенім мен өзара құрмет негізінде құру, шешімдерді бірге қабылдау, тұрмыстық және қаржылық мәселелерді бірлесіп шешу, сондай-ақ жеке шекараны сақтау. Апталық аясында отбасы өміріндегі өзекті мәселелерге арналған кездесулер мен ашық форматтағы іс-шаралар өтеді. Қатысушылар салауатты қарым-қатынас, отбасылық бюджет, жауапты ата-ана болу және дағдарысты жағдайларды еңсеру жолдарын талқылайды. Сондай-ақ «Күміс кереге, Алтын шаңырақ» іс-шарасы, балабақшаларда ата-аналармен кездесулер және қиын кезеңдегі отбасын қолдау мәселесіне арналған «Отбасы дағдарысты басынан кешіруде» атты кездесу ұйымдастырылады. Әлеуметтік желілерде апталықты «Телефонсыз уақыт», «Отбасындағы шынайы оқиға» және «7 күн — 7 пайдалы кеңес» бастамалары толықтырады. Олар жақындармен қарым-қатынасқа, отбасылық оқиғаларға және қарым-қатынасты нығайтуға арналған қарапайым кеңестерге назар аударуға бағытталған. Ұйымдастырушылар отбасыларды телефондарын бір сәтке шетке қойып, бірге жиналып, жақындарымен әңгімелесуге және бір-біріне уақыт бөлуге шақырады.

        Әлеуметтік желілерде «Отбасымыздың бір күні» ұранымен #Otbasym2026 жалпыұлттық челленджі басталды, Астана тұрғындары челленджге қатысып, отбасылық сәттерімен бөлісуге шақырылады.  Сонымен қатар отбасыға деген назар тек апталық аясында ғана емес, күн сайын сақталуы маңызды. Өзара түсіністік, қолдау және жауапкершілік мәдениетін нығайту қажет. Әр отбасы қиын жағдайға тап болған кезде қайда жүгінуге болатынын және қажетті көмекті қайдан алуға болатынын білуі маңызды. Отбасы күні күнделікті қарбаласта бір сәтке тоқтап, жақындарымызға көбірек көңіл бөлуге және қарым-қатынасты шын мәнінде берік ететін құндылықтар туралы ойлануға мүмкіндік береді.

        Сенім, құрмет, қамқорлық және бір-бірін тыңдай білу үйде жылы әрі жайлы орта қалыптастырады. Балалар махаббат пен қауіпсіздік жағдайында өсіп, аға буын әрдайым назар мен қамқорлықты сезінсін.