Астана - жаңа жобаларға тартымды қала

Астана - жаңа жобаларға тартымды қала
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана – қарқынды дамып келе жатқан, жаңа жобаларды жүзеге асыруға зор мүмкіндік беретін қала. Елорда өскен сайын жаңа әлеуметтік нысандарға, заманауи инфрақұрылымға, жұмыс орындарына және сапалы қалалық қызметтерге деген сұраныс та артып келеді. Бұл бағыттағы жұмыста жеке инвестицияларды тарту маңызды рөл атқарады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

-Кезекті инвестштаб отырысында бірқатар жобаны қарадық. Олардың қатарында Қазақ интегративті медицина институтын салу жобасы бар.

Сондай-ақ логистика саласындағы жобаларды, оның ішінде ауданы 150 мың шаршы метр логистикалық хаб пен 20 мың шаршы метр логистикалық орталық салу жобаларын қарастырдық. Өнеркәсіп саласында жылына 1 мың бірлікке дейін өнім шығаратын суару жабдықтарын өндіру кластерін құру жобасы ұсынылды.

Жобаларды №2 Индустриялық парктің пулына енгізу мәселесіне де ерекше назар аударылды. Олардың қатарында жылына 80 мың тонна минералды мақта плиталарын өндіретін зауыт, сондай-ақ баламалы энергия көздері бар көлік құралдарын шығаратын, жылдық өндірістік қуаты 25 мың автокөлікті құрайтын кәсіпорын салу жобалары бар.

Ұсынылған жобаларға салынатын инвестицияның жалпы көлемі 105 млрд теңгеден асады. Оларды іске асыру нәтижесінде шамамен 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылады, - деді қала әкімі Жеңіс Қасымбек.