Астана – волонтерлік бастамалардың орталығы

Астана – волонтерлік бастамалардың орталығы
фото: Астана қаласының әкімдігі

Соңғы жылдары волонтерлік Қазақстанда азаматтық қоғамды дамытудағы маңызды бағыттың біріне айналды. Еріктілер әлеуметтік, экологиялық, гуманитарлық және мәдени жобаларға белсенді қатысып келеді, ал мемлекет волонтерлік қозғалысты қолдау шараларын жүйелі түрде кеңейтіп жатыр. Бұл саладағы көшбасшы қалалардың бірі -  Астана. Бұл туралы Астана коммуникациялар қызметі алаңында өткен "Тұрақты даму жолындағы халықаралық еріктілер жылы" атты брифингте айтылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Брифингке спикер ретінде «Астана жастары» КММ басшысы Шыңғыс Тлеулин, Ұлттық волонтерлер фронт-офисінің басшысы Айбек Досымбетов, «Ұлттық волонтерлік желі» ЗТБ атқарушы директоры Татьяна  Миронюк қатысты. 

Қатысушылардың айтуынша, бүгінде елорда еріктілерін маңызды мемлекеттік және халықаралық іс-шараларда, әлеуметтік мекемелерде, қайырымдылық акциялары мен қоғамдық науқандар кезінде жиі көруге болады. Бүгінде еріктілік тек студент жастармен шектелмейді. Оған мектеп оқушылары, кәсіпорын қызметкерлері және түрлі сала өкілдері белсенді атсалысып жүр. Қалада шамамен 50 волонтерлік ұйым мен қозғалыс белсенді жұмыс істейді. Олардың қатарында әлеуметтік тұрғыдан осал отбасыларға көмек көрсететін «Астана клуб добряков» және хабар-ошарсыз кеткен адамдарды іздеуге көмектесетін «LIDER.KZ Астана волонтерлары»  ұйымы бар.

8 мыңнан астам белсенді ерікті

«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының базасында жеті жылдан бері Қалалық волонтерлер штабы жұмыс істейді. Бүгінде штаб 8 мыңнан астам еріктінің басын қосып, ондаған волонтерлік ұйымдармен, бастамашыл топтармен, үкіметтік емес ұйымдармен, кәсіпорындармен және меценаттармен ынтымақтастық орнатқан.

2025-2026 жылдары еріктілермен бірлесіп, BizBirgemiz, «Қауіпсіз қала», «Қамқорлық мекенжайлары», Taza Alem, Stop Vandal және басқа да жобалар аясында 1200-ден астам іс-шара өткен. Еріктілер мұқтаж жандарға азық-түлік пен ыстық тамақ жеткізуге көмектесті, қар тазалау және экологиялық акцияларға қатысты, профилактикалық шаралар өткізді, тыйым салынған заттардың жарнамаларын бояп өшірді және қауіпсіздік мәселелері бойынша ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жыл сайын «Астана жастары» еріктілері 150-ге дейін қалалық және халықаралық іс-шараға қатысады, осы арқылы Қазақстанды еріктілік мәдениеті дамыған ел ретінде танытып келеді.

Қолдау және дамыту

Елордада волонтерлік қозғалысты дамыту мақсатында Ұлттық волонтерлер фронт-офисіне, Халықаралық волонтерлік орталыққа және сегіз волонтерлік ұйымға арнайы ғимараттар берілген. Орталық бүгінде Орталық Азия елдерімен, Әзербайжанмен және Түркиямен ынтымақтастық орнатып, болашақта өңірлік волонтерлік хабқа айналуды көздейді. Volunteer Fest 2025 сыйлығының қорытындысы бойынша 50 волонтерлік ұйым мен колледждердің 33 өкілі алғыс хаттармен марапатталды, ал елорданың төрт ұйымы «Жыл волонтері» ұлттық сыйлығының жеңімпазы атанды.

Волонтерлік бүкіл ел бойынша дамып келеді

Қазақстанның барлық өңірлерінде еріктілік қозғалысының өсімі байқалады. Егер 2020 жылы 224 волонтерлік ұйым болса, 2025 жылға қарай олардың саны 800-ден асты, ал белсенді еріктілер саны 300 мыңнан астам адамға жетті. Бұдан бөлек, өңірлерде шамамен 3500 бастамашыл топ жұмыс істейді.

Қазіргі таңда әлеуметтік қолдау, экология, денсаулық сақтау, білім беру, туризм және төтенше жағдайлардың салдарын жою бағыттарында көптеген жобалар жүзеге асырылуда. Ұлттық волонтерлік желі жыл сайын 60 мыңнан астам еріктіні біріктіріп, Мәдениет және ақпарат министрлігінің стратегиялық серіктесі болып табылады.

Тұрақты дамуға қосқан үлес

Қазақстанда волонтерлікті қолдаудың жаңа тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Құжат еріктілік қозғалысын дамытудың алдағы бағыттарын айқындайды. Волонтерлік қызметтің Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілуі маңызды қадамдардың бірі болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы Тұрақты даму жолындағы еріктілердің халықаралық жылын өткізуді қолдады. Бұл Қазақстанның әлемдік еріктілік қозғалысын дамытуға қосқан үлесінің халықаралық деңгейде мойындалғанын көрсетеді. Бүгінде волонтерлік – тек мұқтаж жандарға көмек көрсету ғана емес, сонымен қатар азаматтық жауапкершілікті, қоғамдық ынтымақты және елдің тұрақты дамуын нығайтудың маңызды құралы болып отыр.