Астана прокуратурасында супермаркеттердегі ұрлықтың алдын алу жөніндегі үшжақты меморандумға қол қойылды

Астана прокуратурасында супермаркеттердегі ұрлықтың алдын алу жөніндегі үшжақты меморандумға қол қойылды
фото: видеоскрин

Қала прокурорының бірінші орынбасары Е.Өтеуовтың төрағалығымен құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті нығайту мәселелеріне арналған үшжақты кездесу өткізілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараға Астана қаласы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары А. Әбілдин, қалалық прокуратураның басшылығы, сондай-ақ «Magnum Cash&Carry» ЖШС Бас директорының қауіпсіздік мәселелері жөніндегі орынбасары Н. Шапаков қатысты.

Кездесудің негізгі себебі – елорда аумағында негізінен ірі супермаркеттерде жасалатын ұрлық пен бөтен мүлікті жымқыру фактілерінің өсуі. Мұндай құқық бұзушылықтар сауда объектілеріне экономикалық залал келтіріп қана қоймай, қаладағы құқықтық тәртіптің жалпы деңгейіне де кері әсерін тигізеді.

Кездесу қорытындысы бойынша Астана қаласының прокуратурасы, Астана қаласы Полиция департаменті және «Magnum Cash&Carry» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойылды.