Астана мектептерінде "Қауіпсіздік сағаты" өтіп жатыр

Астана мектептерінде "Қауіпсіздік сағаты" өтіп жатыр
фото: Ішкі істер министрлігі

 ІІМ ӘПК төрағасының бастамасымен Астана қаласының білім беру ұйымдарында "Қауіпсіздік сағаты" өткізіліп жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

     Іс-шаралар 3-30 қыркүйек аралығында ұйымдастырылып, балалардың қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға, құқықтық сауаттылығын арттыруға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. "Қауіпсіздік сағаты" "Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасының құндылықтарымен сабақтастырыла отырып өткізіледі. Оның басты мақсаты – оқушылардың бойында адалдық, жауапкершілік, заңға құрмет, отансүйгіштік және қоғамдық тәртіпті сақтау сияқты маңызды қасиеттерді қалыптастыру. Оқу жылы басталғалы Астана қаласының №1, №18, №45, №54, №57 және №103 мектептерінде қауіпсіздік сағаттары өткізілді.

     Кездесулер барысында полиция қызметкерлері оқушыларға жол қозғалысы қауіпсіздігі, қоғамдық орындардағы тәртіп, интернет кеңістігіндегі қауіпсіздік, құқық бұзушылықтардың алдын алу, буллинг пен кибербуллингке жол бермеу, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезіндегі дұрыс іс-қимыл туралы түсіндірді. Балаларға өз құқықтары мен міндеттерін білу, заң талаптарын сақтау, айналасындағыларға құрметпен қарау және кез келген жағдайда қауіпсіздік ережелерін ұстанудың маңызы жеткізілді.

     Кездесулердің маңызды бөлігі – ашық диалог. Оқушылар полиция қызметкерлеріне өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, күнделікті өмірде кездесетін түрлі жағдайлар бойынша нақты кеңестер алды. Мұндай формат балалардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, полиция қызметкерлері мен жасөспірімдер арасындағы өзара сенімді нығайтуға мүмкіндік береді. Жалпы профилактикалық жұмыстар аясында мыңға жуық жасөспірімді қамту жоспарлануда. Бұл – балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және олардың құқықтық мәдениетін арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстың бір бөлігі.

     Бүгінгі таңда бала қауіпсіздігі тек полицияның ғана міндеті емес. Бұл – ата-ана, мектеп, құқық қорғау органдары және бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Сондықтан жасөспірімдермен профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу маңызды. "Адал азамат" біртұтас тәрбие бағдарламасы аясындағы мұндай кездесулер жас ұрпақтың бойында заңға құрметпен қарау, өз ісіне жауапкершілікпен қарау, қоғамдық тәртіпті сақтау және қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді. Полиция бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жалғастырады.

"Қауіпсіздік сағаты" жалғасады. Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі!