Астана күніне орай және «Заң мен тәртіп» идеологиясы аясында 4 шілде күні елордада «Astana Day Mass Sports: Gorilla Power Your Instinct Tour 2026 – Urban Fest» атты көше спорт түрлерінен ауқымды спорттық-жастар фестивалі өтеді. Іс-шара Қажымұқан Мұңайтпасов көшесінде орналасқан «Sana Sport» спорт кешенінің жанындағы скейт-паркте ұйымдастырылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Фестиваль аясында Астана қаласы алғаш рет Қазақстанның түкпір-түкпірінен үздік райдерлерді біріктіретін экстремалды спорт түрлері бойынша — Gorilla Instinct Tour турнирінің алғашқы кезеңін қабылдайды. Еліміздің әр өңірінен келген қатысушылар жеңіс үшін ғана емес, турдың алғашқы рейтингтік ұпайлары үшін де бақ сынайды.
Бағдарлама аясында скейтбординг, ролик спорты, BMX және самокат спорты бойынша тартысты жарыстармен қатар, көрермендерге арналған әсерлі Gorilla Style Wars Jams көрсетілімдері, кәсіби спортшылардың шеберлік сабақтары, интерактивті ойын-сауық алаңдары және мәдени-көпшілік бағдарлама ұсынылады.
Сайысқа әуесқой спортшылар қатысады. Қатысушыларды тіркеу онлайн форматта gorillatour.kz сайтында жүргізіледі.
Фестиваль бағдарламасы таңғы сағат 10:00-де басталады. Сағат 10:00-ден 14:00-ге дейін қатысушылар мен көрермендер үшін GORILLA STYLE WARS шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.
Сағат 11:00-11:30 аралығында GORILLA CONTEST қатысушыларын тіркеу жүргізіледі. Одан кейін скейтбординг, самокат және BMX спорт түрлері бойынша іріктеу кезеңдері өтеді. Атап айтқанда, сағат 12:00-де скейтбординг бойынша, 13:30-да самокат спорты бойынша, ал 15:00-де BMX бойынша іріктеу жарыстары басталады.
Сағат 15:00-16:00 аралығында GORILLA STYLE WARS қатысушылары тіркеледі. Ал 16:00-17:30 аралығында іріктеу кезеңі мен 1/8 және 1/4 финалдық баттлдар өтеді.
Фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі сағат 18:00-де басталады. Осыдан кейін скейтбординг, самокат және BMX спорт түрлері бойынша финалдық сайыстар ұйымдастырылады.
Сағат 19:30-20:00 аралығында көрермендерге арналған әсерлі Action Show бағдарламасы ұсынылады. Одан кейін GORILLA CONTEST жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтеді.
Кештің қорытынды бөлімінде төрешілердің көрсетілімдері, GORILLA STYLE WARS JAMS жартылай финалы мен финалы ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапатталады. Фестиваль бағдарламасы музыкалық топтың өнер көрсетуімен аяқталады.
Көрермендер үшін кіру тегін.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, фестиваль экстремалды спорт түрлерін, көше мәдениетін және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған және Астана күніне арналған мерекелік бағдарламаның жарқын оқиғаларының біріне айналмақ.
Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Алматы ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтеді. Фестивальдің бас демеушісі әрі жобаның бастамашысы және ұйымдастырушы серіктесі — GORILLA Energy Drink компаниясы.