Астана ғұн империясынан тамыр тартады

Астана ғұн империясынан тамыр тартады

Ұлттық академиялық кітапханада Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағы елорда филиалының «Қаламгер ұстаханасы» жобасы аясында белгілі қаламгер, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алдан Смайыл «Жазушы және елорда тарихы» тақырыбында дәріс оқыды.

Алдан Смайыл – «Астана ғасырлары», «Тарих таңдаған Астана» атты және бас қала туралы т. б. кітаптардың авторы. Дәрісті бастап берген Қазақстан Жазушылар одағы елорда филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы айтқандай, ол сияқты Астана тарихын жақсы білетін қаламгерлер аз.

Алдымен елорданың Арқаға көшірілу себептеріне тоқталған жазушы Ақмоланың жер кіндігінде орналасуын, Қазақстанның 90-жыл­дардағы жағдай үшін геосаяси жағы­нан қолайлы болуын, жалпы тарихи тұрғыдан лайықты болғанын атап өтті. Осы қаланың тарихын зерттеуді осында 1971 жылы келген уақыттан қолға алғанын айтты. Жалпы тарихқа қызығуы атақты археолог Әлкей Марғұланның туған ауылына келіп, Смайыл атасының шаңырағына түскен кезден басталатынын, онда өзі 4-сыныпта оқығанын жеткізді.

Алдан Смайыл осыдан тура 50 жыл бұрын, яғни 1976 жылы «Коммунизм нұры» (қазіргі «Арқа ажары») газетінде қызмет істеп жүргенде радиохабар арқылы қаланың Целиноград атауын қоштаған, Атбасар, Қарағанды атауларын өзгертуге тырысқан, Алматы қаласын Верныйға ауыстыруды көздеген шовинистік пиғылға тойтарыс берді. «Қаламдастарға ашық хат» атты мақала жазып, оны «Қазақ әдебиеті» газетінің сол кездегі бас редакторы Шерхан Мұртаза басып жіберді. Осыған тоқталған қаламгер қала тарихына қатысты көптеген деректі облыстық өлкетану музейінен тапқанын айтып өтті.

«Алғашқы тапқан дерегім – Ақмола сонау ғұн империясы тұсында болған атау. Тайтөбеде империяның қорғаны болған, «ақ» деген – «батыс» деген сөз, «мола» «қорған» деген мағынаны береді екен, яғни батыс қорғаны деген сөз. Осында 90-жылдары Қытайдың Шыңжаң өлкесінен Қайрат есімді ғалым келді. Қытайда қазаққа қатысты ертедегі тарихи деректер көп қой, соны ақтарған болуы керек, «Астана ақшамы» газетінде оның мақаласы шықты. Сонда «ақ» деген «батыс», «мола» деген «қорған» деп анық айтып, сондықтан Ақмола атауынан айнуға болмайды деді. Содан кейін қолыма түскен бір тарихи дерек, ертеде өмір сүрген Прокопий деген Византия ғалымының мақаласында да тура осы сөз айтылған екен» деді Алдан Смайыл.

Әз Тәуке Тайтөбеде жайлауда отыр­ғанын, жалпы оның жазғы ордасы сонда тігілгенін айтқан қаламгер «Әр жағы Нұра, бер жағы Есіл – малға да, жанға да жайлы керемет жер. Және айналаның бәрі көрініп тұратын биік жер. Сол уақытта Әз Тәукеге Трошин және Скибин деген Ресейден екі елші келеді. Солардың жазба материалдары да менің қолыма түсті. Осының бәрі өлкетану музейінен табылды. Ол екеуі «Әз Тәукенің жанында, Нұра өзенінің жағасында Бытығай деген қала бар. Ол қаланы Әз Тәуке күтіп ұстап отыр. Онда керуен сарайларын, мешітті, католиктер, христиандар табынатын орындарын көрдік, олардың әлі құламағандары бар екен» деп жазады. Сол Бытығай қаласы туралы кейінгі деректерді, осы жөнінде материалдарды Ресейден алдырттым. Соның ішінен шыққан бір материал бойынша Бытығай қаласы, Тайтөбе, Әз Тәукенің отырған жері – соның бәрі сол заманда Римдегі Каталон картасына шыққан екен. Содан кейін Францияда шыққан картаға кірген» деді.

Ресей империясы қазақ даласын отарлауға кіріскенде, әсіресе осы жақты мықтап зерттегенін айтып өткен жазушы Шангин мен Шоқан Уәлихановтың жазбаларына тоқталды.

«Шоқан мешіт орнының сызбасын түсіріп алған. Сейсен Мұхтарұлының «Шоқан және өнер» кітабының ішінде Шоқан салған Бытығайдың суреті бар. Кейін Тұңғыш Президенттің тапсырмасымен академик Кемел Ақышев Бозоқты мықтап зерттегенін білесіздер. Ол кісінің айтуынша, Бозоқ – Дешті Қыпшақ заманында салынған қала. Бергі жағына қарай келгенде, осы Ақмоланың өзінде 20 қалашықтың орны көміліп қалды. Кезінде мұның бәрі айтылды, көне архив деректерінде бар. Яғни біз қазір 20 қаланың үстінде отырмыз. Осының бәрі жаңа астана үшін керек-ақ тарих. Яғни қазақтың астанасы сонау ғұн империясынан жалғасып келе жатыр деп ауыз толтырып айтуға әбден болады» деді Алдан Смайыл.

Жазушы қай заманда да осы өлке ерекше назарда болғанын айта келе, Ақмола тың игеру кезінде бес өлкенің астанасына айналғанын, сол уақытта осы аймаққа төгілген 58 пайыз келімсектердің кесірінен кәдімгі табиғат қана емес, қазақтардың рухани табиғаты да өзгере бастағанын айрықша атап өтті.

«Ақмола – өзінің геосаяси жағынан жақсылық та көрген жоқ, қиындықты да көріп баққан жер. Біз оны ешуақытта ұмытпауымыз керек. Дәл осындай оқиғалар Кенесарының тұсында да болғаны анық. Осы жерде патшалық Ресей 1832 жылы қазіргі Қажымұқан атындағы стадионның түбінде әскери бекініс салды» деген қаламгер Кенесарының Ақмола бекінісін шабу тарихына тоқталды.

Оның дерегінше, 1838 жылдың 25 мамырында Ақмолада қазақтың ұлт-азаттық көтерілісі басталды. Сонда казактардың командирі Карбышев пен аға сұлтан Қоңырқұлжа Құдаймендин құтылып шығып, қалғандары қолға түскен. Кенесарының айналасында Иман, Сұраншы, Аңғал секілді үш жүздің батырлары топтасады. Солардың Басықара бастаған бес батыры осы жерде қаза болды.

«Астанада Кенесарыға құрмет аз емес. Көше бар, ескерткіші қойылды. Бірақ бекіністі алғаны, ұлт-азаттық көтерілістің болғаны жөнінде бірде-бір белгі жоқ. Мен осыны Астана көшіп келгелі бері көтеріп келе жатырмын. Батырларды, осында осындай көтеріліс болғанын біле жүрсін деп мұны дұрыстап насихаттай алсақ, жастарға патриоттық тәрбие береміз, зерделі ұлт тәрбиелеуміз керек деп жатырмыз ғой, нағыз тәрбие осы емес пе?! Не айтсақ та, халықтың тарихын айтып, жалғастыруымыз керек. Тарихты ұмытпай, қадірлеу деген осы емес пе?!» деді Алдан Смайыл.

Ақмола қала атанған кезеңге тоқ­талған қаламгер сол кезде осында ашылған кәсіпорындар, Константинов секілді жәрмеңкелер, мал саудасы туралы айтып өтті.

«Тарихи жазбалардың бірінде Константинов жәрмеңкесінде 30 мың қой сатылғаны айтылады. Жылқыда есеп жоқ. Сосын бұл жердің қойлары ерекше етті, майлы болған. Шангин мен Набоковтың жазбаларында Ресей императорына сойылатын қойдың ұзақ уақыт осы жерден алынғаны жазылған» деген қаламгер Кубрин, әкелі-балалы Баймұхамбет, Құрманғали Қосшығұловтар секілді жергілікті көпестер туралы айтып өтті. Целиноградта 1990 жылы құрылған «Тіл және мәдениет» қоғамының қаланы қазақыландыруға қатысты жұмысына тоқталды. Соның ішінде қаланың Ақмола атауын қайтару, қазақ театрын, қазақ мектептері мен балабақшаларын ашу істері туралы айтып өтті. Шаһардың Ақмола атауы Президент Жарлығымен 1992 жылдың 6 шілдесінде қайтарылғанын жеткізді.

«Қазір Астана күнін 6 шілдеде өткізіп жүрміз. Ақмола атауының да дәл осы күні қайтарылғанын бір-екі ауыз айтуға болады ғой. Өйткені ол да тарих және бұл оңай келген шаруа емес» деді жазушы.

Туристерді тарту үшін елорданың көне тарихын зерттей түсу, Бытығай қаласының орнын табу керектігін, 2028 жылы Кенесарының Ақмола бекінісін алғанына 190 жыл толатынын, сол уақытта ғылыми конференция өткізу керектігін, оған қазірден бастап дайындалу қажеттігін, сол оқиғаға арналған Қажымұқан стадионы айналасында монумент орнатуды ұсынғанын айтып, дәрісті түйіндеді.