Қорғаныс министрлігі Орталық мұрағатының жаңа ғимараты ашылды

Қорғаныс министрлігі Орталық мұрағатының жаңа ғимараты ашылды
фото: Қорғаныс министрлігі

Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов Қорғаныс министрлігі Орталық мұрағатының жаңа ғимаратының ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Орталық мұрағат 1997 жылы құрылған. Келер жылы оған 30 жыл толады. Бүгінде мұрағат қорында шамамен 27 миллион құжат сақтаулы, оның 128 мыңнан астамы цифрландырылған. Мұрағат материалдарында әскери құрылыс тарихы, Қарулы күштердің дамуы және Отан қорғаушылардың бірнеше буынының әскери қызметі сақталған.

Мұрағат қорларында әскери бөлімдер мен құрамалардың қызметіне, әскери білім беру жүйесіне, әскерлерді басқаруға және әскери қызмет өткеруге қатысты құжаттар бар. Олар Қазақ КСР кезеңінен бастап қазіргі қазақ әскерінің қалыптасуына дейінгі Қарулы күштердің даму жолын зерделеуге мүмкіндік береді.

– Әскери-тарихи мұраны сақтау – бүгінгі және болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік. Әрбір құжат әскер мен ел тарихының бір бөлігі. Мұндай заманауи жағдайлар тарихи құжаттардың сақталуын қамтамасыз етіп, оларға болашақта да қолжетімді болуға мүмкіндік береді, – деді Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов.

Жаңа ғимарат миллиондаған құжаттан тұратын мұрағат қорын жүйелеу және ұзақ мерзімді сақтау үшін қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған. Мұрағат құжаттары әскери қызметшілер, тарихшылар, зерттеушілер, сарапшылар және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін маңызды дереккөз болып табылады.

Жаңа ғимараттың ашылуы Орталық мұрағаттың 30 жылдығы қарсаңындағы маңызды кезең болды. Бұл ел Қарулы күштерінің қалыптасуы мен дамуын көрсететін құжаттық мұраны сақтауға жаңа мүмкіндік берді.