Еліміздің бас қаласы күн сайын өзгеріп, ажарланып, жасыл желекке бөленуде. Бұл бағытта биыл Мемлекет басшысының тапсырмасын басшылыққа ала отырып, Астананы бақ қалаға айналдыру мақсатында шаһардың барлық алты ауданында 173 нысанды абаттандыру жоспарланған. Олардың қатарында саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар, аулалар, жағалаулар мен жаяу жүргіншілер аймақтары бар.
Тазалық әр адамнан, әр үйден, әрбір көше мен әр қаладан басталуы керек, өйткені «Таза Қазақстан», бұл – бір күндік науқан емес, бұл – біздің өмір салтымыз екенін ескере келе, Президент барша қазақстандықтарды ортақ іске күш жұмылдыруға шақырып, «Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ. Туған жерімізді ешкім сырттан келіп тазалап, көркейтіп бермейді. Отанымызды таза ұстау – әр азаматтың қастерлі парызы» деді. Осыған орай, соңғы жылдары еліміздегі экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған ауқымды жалпыұлттық акция Астанада жалғасып келеді. Жобаларды іске асыру кезінде көгалдандыруға, жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамытуға, отбасылық демалыс пен спортқа арналған орындар құруға басымдық берілуде. Қазірдің өзінде тұрғындар осы нысандардың басым бөлігінің игілігін көріп отыр.

Көз тартар гүлзарлар көбейді
Б.Момышұлы даңғылы мен Қ.Сәтбаев көшесі аралығында жаңа гүлзар абаттандырылып жатыр. Мұнда жаяу жүргіншілер аймақтары, заманауи жарықтандыру және көгалдандырылған аумақтар пайда болады. Балаларға арналған «Айдаһар» ойын кешені кеңістіктің негізгі ерекшеліктерінің бірі болмақ.
Ақбұлақ пен Есіл өзендері бойындағы ұзындығы шамамен 2,5 шақырым аумақты да абаттандыру жоспарланған. Жоба аясында жаяу жүргіншілер көпірі салынып, қауіпсіз бағыттар мен демалыс орындары бар заманауи қоғамдық кеңістік қалыптастырылады. Б.Момышұлы даңғылының Қ.Сәтбаев көшесінен Тәуелсіздік даңғылына дейінгі бөлігінде де кешенді жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Мұнда «жасыл дәліз» пайда болады. Даңғыл бойына түрлі тұқымды 915 ағаш отырғызылып, автоматты суару жүйесі орнатылады. Сондай-ақ велосипед жолы, кеңейтілген тротуарлар және жаяу жүргіншілерге арналған серуендеу жолдары қарастырылған.
Р.Қошқарбаев даңғылының бір бөлігінде де абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Мұнда жаңа жол жасалып, көлік ағынын азайту және жолдың өткізу қабілетін арттыру көзделген.

Жанға жайлы «Самал» саябағы
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес соңғы жылдары Астанада жасыл аймақтарды көбейтуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – «Самал» саябағы. Елорда тұрғындары мен қала қонақтары үшін жаңадан ашылған жайлы әрі заманауи тартымды орын қаладағы әл-Фараби, Керей-Жәнібек хандар көшелері мен Бұқар жырау даңғылы аумағында жүзеге асырылды.
Саябақ аумағындағы тынығу аймақтары мен орындықтар, жаяу серуендеуге арналған кең жолақтар, балалар ойын алаңының бірнеше түрі, жаздың аптап ыстығында адамдарға көлеңке беретін жасыл желектер мен сан алуан ағаштар Астана тұрғындары мен қала қонақтарына қолайлы. Мұндағы шағын көпірлер мен өткелдер келушілердің арбамен жүруіне бейімделген. Жаяу жүргіншілерге арналған жолдар тегіс әрі кең, жол жабындысы ыңғайлы әрі сапалы жасалған.
Демалыс аймағының айналасы қазіргі заман талабына сай көгалдандырылған. Аумаққа отырғызылған ағаштар мен бұталардың ондаған түрі қаладағы ауа сапасын жақсартуға үлес қосып келеді. Бұл тұрғыда «Самал» саябағы – отбасымен демалуға болатын таптырмас жер.
Заманауи «Greenline» бульвары
Соңғы жылдары Астана қаласында тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған қоғамдық кеңістіктер көбейіп келеді. Солардың бірі – елорданың Нұра ауданындағы Омаров көшесінен Төле би көшесіне дейінгі аумақта бой көтерген Greenline бульвары.
Бульвардың алғашқы кезеңі шамамен 3,8 гектар аумақты қамтиды. Мұнда жаяу жүргіншілер жолдары, велосипедке арналған арнайы бағыттар, жасанды су айдындары, демалыс орындары, серуендеу аймақтары мен түрлі сәулеттік элементтер орналасқан. Сонымен қатар, ерекше атап өтетін нәрсе балаларға арналған ойын алаңдары табиғи ағаштан жасалған. Ағаш материал пластикке қарағанда экологиялық қауіпсіз, күннің ыстығында қатты қызбайды және балалар үшін қолайлы орта қалыптастырады.
Жалпы алғанда, Greenline жобасы Астанадағы қоғамдық кеңістіктердің жаңа деңгейін көрсетеді. Бұл аллея тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасап қана қоймай, қаланың экологиялық дамуына да үлес қосып отыр.
Жаңарған «Мыңжылдық» аллеясы
Елордадағы ірі жобалардың бірі – «Мыңжылдық» аллеясын абаттандыру. Мұнда жеңіл тұман әсерін беретін «Шоқжұлдыз» субұрқағы іске қосылды. Қазір нысан сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Мамандар инженерлік жүйелерін тексеріп, ретке келтіруде. Субұрқақты толық іске қосу тамыз айының соңына жоспарланған.
Аллеядағы жұмыстар екі аумақта жүргізіліп жатыр. Оның бірі – Қ.Қуанышбаев атындағы драма театрының жанындағы гүлзар, екіншісі – «Нұрлы жол» вокзалы маңындағы саябақ аумағы.
Театрдың артындағы шамамен 1,4 гектар аумақта жаңа қоғамдық кеңістік пайда болады. Мұнда серуендеу, велосипед тебу және жүгіру жолдары, балалар алаңы, демалыс орындары мен жасыл желек аймақтары қарастырылған.
Аумаққа ағаштар, бұталар, көпжылдық гүлдер мен сәндік шөптер отырғызылады. Аллея бойына ұсақ жапырақты жөке ағаштары егіледі.
Аулалар ажарланып келеді
Елордадағы абаттандырудың маңызды бағыттарының бірі – аулаларды жаңарту. Астанада бірнеше жылдан бері «Халық қатысатын бюджет» жобасы жүзеге асырылып келеді. Жоба аясында тұрғындар өз аулаларын дамытуға арналған жобаларды ұсынып, қандай нысандар қажет екенін анықтауға қатысады. Биыл елорданың барлық алты ауданында жоба аясында іске асыруға мақұлданған өтінімдер анықталды. Жаңартылған аулалардың басым бөлігі тұрғындарға пайдалануға берілді.
Жалпы, «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы Астанада 60-тан астам аула абаттандырылды. Мұнда балалар және спорт алаңдары, демалыс орындары, жарықтандыру жүйелері орнатылып, қосымша көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Жыл өткен сайын елордада отбасымен уақыт өткізуге, спортпен шұғылдануға және демалуға арналған қоғамдық кеңістіктер көбейіп келеді. Жаңа саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар, жағалаулар мен абаттандырылған аулалар қаланың келбетін өзгертіп қана қоймай, тұрғындардың күнделікті өміріне қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған.