Бүгін елімізде өтіп жатқан сайлауда қазақстандық параспортшы, Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Ардақ Отарбаев өз таңдауын жасады.

Ол Астана қаласындағы Кенесары көшесінде орналасқан филармония ғимаратындағы №317 сайлау учаскесінде дауыс берді.

«Бұл менің алғашқы сайлауым емес. Әрбір сайлау – ел болашағына қатысты азаматтық ұстанымды білдірудің маңызды мүмкіндігі. Бүгін Қазақстан халқының дауыс беруге белсенді қатысып жатқаны қуантады. Бұл – азаматтардың ел тағдырына бейжай қарамайтынын, қоғам өміріндегі өзгерістер мен жаңғыру үдерістеріне өз үлесін қосуға деген ұмтылысын көрсетеді.
Менің ойымша, елімізде жүзеге асып жатқан саяси реформалар мен өзгерістердің басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттыру, өмір сүру сапасын жақсарту, әрбір азаматқа тең мүмкіндік қалыптастыру. Саяси жаңғырудың нақты нәтижесі халықтың тұрмысынан, қоғамдағы әділдік пен мүмкіндіктердің кеңеюінен көрініс табуы тиіс.
Сондықтан әр азаматтың дауысы маңызды. Бүгінгі таңдаудан еліміздің дамуына, тұрақтылығы мен өркендеуіне бағытталған оң нәтижелер күтеміз», деді Ардақ Отарбаев.
Шапағат Әбдір