Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің алдағы дамуына қатысты маңызды міндеттерді атап өтті. Президент ең алдымен экономиканы нығайтуға, халықтың тұрмысын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және отандық кәсіпкерлікті қолдауға ерекше көңіл бөлді.
Бүгінде әлем жылдам өзгеріп жатыр. Сондықтан жасанды интеллектіні дамыту, цифрлық технологияларды енгізу, өндірісті жаңғырту және жастарға жаңа мүмкіндіктер жасау – заман талабы.
Сонымен қатар, жолдар мен теміржолдарды жаңарту, ауылдар мен қалалардың инфрақұрылымын жақсарту, отандық өндірісті дамыту да маңызды міндеттердің қатарында.
Жолдауда Ұлттық қор қаражатын тиімді пайдалану, мектептер мен ауруханалар салу, халыққа қажетті әлеуметтік нысандарды көбейту мәселелері де көтерілді.
Президент банктердің қаржысын нақты экономикаға бағыттап, кәсіпкерлерге қолжетімді несие берудің және бағаның өсуін тежеудің маңызын атап өтті.
Менің ойымша, ең бастысы – мемлекет бөлген әрбір теңге ел игілігіне жұмсалып, қолға алынған жобалар халыққа нақты пайда әкелуі тиіс. Әсіресе, өңірлердің дамуына, ауылдағы халықтың тұрмысына, шағын және орта кәсіпкерліктің өркендеуіне баса назар аудару қажет. Өйткені елдің дамуы тек экономикалық көрсеткіштермен емес, қарапайым азаматтардың өмір сүру сапасымен өлшенеді.
Халыққа керегі – құрғақ уәде емес, нақты нәтиже. Кәсіпкерге – қолдау, еңбек адамына – лайықты табыс, жастарға – мүмкіндік, ал қоғамға – әділдік пен тұрақтылық қажет. Еліміздің болашағы әрқайсымыздың адал еңбегімізге, жауапкершілігімізге және бірлігімізге байланысты. Қуатты экономика, әділ қоғам және бақуатты халық – біздің ортақ мақсатымыз!
Мейраш Шынасылова,
Құрылтай депутаты