Адал азамат – тәуелсіз мемлекет тірегі

Адал азамат – тәуелсіз мемлекет тірегі

Елордадағы Қазтұтынуодағы жоғары колледжінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Адал азамат – тәуелсіз мемлекет тірегі» тақырыбында тағылымды кездесу өтті. Жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері Дархан Мыңбай мен Нұртөре Жүсіп (Қазақстан Халық кеңесінің мүшесі) қатысып, студенттермен ой бөлісті.

Кездесудің негізгі мақсаты – жас ұрпақтың бойында адалдық, әділеттілік, жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және азаматтық ұстанымын нығайту.

Кездесу барысында Нұртөре Жүсіп жастардың алдында тұрған екі маңызды міндетке тоқталды. Оның айтуынша, әрбір жас кәсіби білікті маман болумен қатар, ең алдымен, адамдық қасиетін жоғалтпауы керек.

– Жастардың алдында екі үлкен міндет бар. Біріншісі – мамандық игеріп, кәсіби білікті маман болу. Екіншісі – адам болу. Ең басты ұстаным – адам болып дүниеге келу, адам болып өмір сүру және адам болып өмірден өту. Адамдық қасиетіңді, біліміңді, ақылың мен парасатыңды айналаңдағы адамдармен қарым-қатынасың арқылы көрсете білуің керек, – деді ол.

Сондай-ақ қаламгер «Адал азамат» ұғымының мәніне тоқталып, оның Абайдың «Толық адам» ілімімен үндесетінін атап өтті. Оның пікірінше, адал азамат – ешкімге қиянат жасамайтын, зорлық-зомбылықтан аулақ, мәдениетті, парасатты және елге қызмет етуді мұрат тұтқан тұлға. Мұндай қасиеттер жас буынның бойынан табылуы тиіс.

Нұртөре Жүсіп қоғамдағы адалдық пен әділеттіліктің маңызын да ерекше атап өтті. Оның айтуынша, мемлекет дамуының басты шарттарының бірі – әділетті қоғам қалыптастыру. Ал оған жетудің жолы әр азаматтың адалдықты өмірлік ұстанымына айналдыруынан басталады. Осы орайда жастарды көп оқуға, үздіксіз ізденуге және кітаппен дос болуға шақырды.

– Жастар өте білімді болуы қажет. Ол үшін көп оқу, іздену, кітаппен дос болу керек. Өмірде адамның досы көп болуы мүмкін. Бірақ кітаппен дос болсаңдар, өмір бойы адал дос таптым деп есептеуге болады. Кітап сендерге жаңа есіктер ашады, мүмкіндіктеріңді кеңейтеді, қиялдарыңды дамытады, өмірлеріңе нұр береді, – деді қаламгер.

Ал Дархан Мыңбай өз сөзінде адалдық пен әділеттіліктің қоғам өміріндегі орнына кеңінен тоқталды. Оның пікірінше, адалдық тек қоғамдық қатынастарда ғана емес, адамның достығында, қызметінде, күнделікті тіршілігінде, тіпті ойында да болуы керек.

– Адалдық деген не? Адал адам кімге, не үшін керек? Меніңше, адал адам барлық жерде қажет. Достықта да, қызметте де, күнделікті өмірде де адалдық болуы керек. Тіпті адамның өз ойында да адалдық болғаны жөн. Адалдық бар жерде ғана әділеттілік орнайды, – деді ол.

Сонымен қатар қоғам қайраткері әділеттілікті мемлекеттің «денсаулығымен» салыстырып, оның ел дамуы үшін айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Жастарды қоғамдық өзгерістерге бейжай қарамай, өз ортасында әділеттілік пен адалдық қағидаттарын орнықтыруға үлес қосуға шақырды.

Дархан Мыңбай жастардың еркіндігі мен жауапкершілігі туралы да ой қозғады. Оның айтуынша, еркіндік дегеніміз – әдепсіз сөйлеу, аузына келгенді айту немесе әлеу­меттік желідегі теріс әдеттерге еліктеу емес. Нағыз еркіндік – өз ойын ашық жеткізу, таңдауы үшін жауап беру, білім мен мәдениет арқылы тұлға ретінде қалыптасу.

Сондай-ақ ол заманауи технологиялардың мүмкіндіктерін тиімді пайдаланудың маңызын түсіндірді. Қазіргі смартфонды тек ойын-сауық құралы ретінде қабылдамай, оны білім алуға, табыс табуға, түрлі жобаларды жүзеге асыруға және байқауларға қатысуға мүмкіндік беретін құрал ретінде қарастыру қажеттігін айтты.

Кездесу барысында жастардың білімге құштарлығы, уақытты тиімді пайдалануы, қоғамдық белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігі мәселелері де сөз болды. Қонақтар студенттерді берілген мүмкіндіктерді бағалауға, үздіксіз ізденуге және ел дамуына үлес қосатын білікті маман әрі адал азамат болып қалыптасуға үндеді.

Кездесу соңында студенттер қонақтарға көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды. Диалог форматында өткен жүздесу жастардың ой-пікір алмасуына, қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылауына мүмкіндік берді.