Бүгін елордаға «Астанадағы Мәскеу күндері – 2026» аясында өтетін спорттық іс-шараларға қатысу үшін Мәскеу қаласының спорттық делегациясы келді.

Мәскеулік қонақтарды Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов, Астана қаласы әкімдігінің №9 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы Әсет Серікбаев және спорт саласының қызметкерлері қошеметпен қарсы алды. Қазақ халқының ұлттық салт-дәстүріне сай қонақтарға қымыз, бауырсақ, жент пен ірімшік ұсынылды.

Биыл Астана мен Мәскеу арасындағы бауырластық байланыстың орнағанына 26 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде екі ел арасында түрлі салада нәтижелі әріптестік қалыптасып, дене шынықтыру және спорт саласындағы ынтымақтастық нығая түсті.

"Мәскеудің спорттық делегациясын елордамызда қайта қарсы алу – біз үшін үлкен мәртебе. Өткен жылы дзюдо мен көркем гимнастикадан бірлескен спорттық іс-шараларды табысты өткіздік. Биыл осы ынтымақтастықты шахмат пен үстел теннисінен ұйымдастырылатын жарыстар мен шеберлік сабақтары арқылы жалғастырамыз. Алдағы кездесулер мазмұнды әрі нәтижелі өтіп, қатысушыларға тәжірибе алмасуға, жаңа достар табуға және жарқын әсер алуға мүмкіндік беретініне сенімдімін", – деді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов.
Өз кезегінде Мәскеу қаласының Спорт департаментінің өкілі Анжелика Марина елордаға сапарынан алған әсерімен бөлісті.
«Астанаға алғаш рет келіп отырған жоқпыз. Өткен жылы көркем гимнастика мен дзюдодан өткен жарыстарға спортшыларымызбен бірге қатысқан болатынбыз. Спортшыларымыз жақсы өнер көрсетті. Сол жолы бізді ерекше ықыласпен қарсы алды. Жалпы, Қазақстаннан алған әсеріміз өте жақсы болды. Бүгін де елордаға келіп, осындай жылы ықылас пен қонақжайлықтың куәсі болып отырмыз. Бұл бізді ерекше қуантады. Биыл шахмат пен үстел теннисінен спортшыларымыз бен жаттықтырушыларымызды алып келдік. Спортшыларымыз жарысқа жақсы дайындалды. Ертең олар елордалық спортшылармен бақ сынайды», – деді Анжелика Марина.

Аталған күндер аясында 29 қараша күні Қазақ ұлттық спорт университетінде (KNUS) спорттық іс-шаралардың салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Бағдарламаға сәйкес екі елорданың спортшылары шахмат пен үстел теннисінен жолдастық жарыстарға қатысып, шеберлік сабақтарында тәжірибе алмасады. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталады.
Сонымен қатар мәскеулік делегация үшін елорданың тарихи-мәдени нысандарымен танысуға бағытталған мәдени-танымдық бағдарлама әзірленген.
Іс-шаралар екі елорда арасындағы достық пен спорттық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, балалар мен жасөспірімдер спортын дамытуға, сондай-ақ жаттықтырушылардың кәсіби тәжірибе алмасуына бағытталған.

Айта кетейік, «Астанадағы Мәскеу күндері – 2026» аясындағы спорттық және мәдени-танымдық іс-шаралар 30-гы қарашаға дейін жалғасады.