Әр дауыс – ел ертеңіне қосылған үлес

Әр дауыс – ел ертеңіне қосылған үлес

23 тамызда өтетін Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлауы – еліміздің қоғамдық-сая­си өміріндегі маңызды белес­тердің бірі. Президент Жарлығына сәйкес белгіленген бұл саяси науқан Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың заңды жалғасы әрі азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мәдениетін нығайтатын маңызды қадам деп санаймын.

Қандай қоғам болмасын оның өркендеуі халықтың белсенділігі мен жауапкершілігіне тікелей байланысты. Азаматтар ел тағдырына қатысты маңызды мәселелерде өз ұстанымын білдіріп, таңдау жасау арқылы ғана мемлекет пен қоғам арасындағы өзара сенім арта түседі. Сондықтан Құрылтай сайлауы – тек дауыс беру рәсімі емес, бұл әрбір азаматтың ел болашағына деген жауапкершілігін көрсететін маңызды саяси мүмкіндік.

Қазіргі таңда Қазақстан әділетті, ашық әрі халық үніне құлақ асатын мемлекет құру жолында жүйелі өзгерістерді жүзеге асырып келеді. Осы үдерісте Құрылтай институтының орны ерекше. Ол қоғамдағы түрлі пікірлер мен ұсыныстарды тоғыстырып, маңызды бастамалардың жүзеге асуына ықпал ететін тиімді қоғамдық алаңға айналды. Демек, оның құрамын сайлау да елдің ертеңіне бейжай қарамайтын әр азамат үшін маңызды.

Біз мемлекет тағдырына қатысты мәселелерді сырттан бақылаушы емес, белсенді қатысушы ретінде қабылдауымыз қажет. Өйткені елдің бүгіні мен ертеңі әрқайсымыздың азаматтық ұстанымымызға, қоғамдық белсенділігімізге

байланысты. Сондықтан барша қазақстандықтарды 23 тамыз­дағы Құрылтай сайлауына белсенді қатысып, өз таңдауын жасауға шақырамын. Бұл – азаматтық борышымызды орындап қана қоймай, Қазақстанның тұрақты дамуы мен жарқын болашағына қосқан нақты үлесіміз болмақ.

Жанат Әскербекқызы,

ақын, филология

ғылымдарының докторы