Әдебиет әлеміндегі түнгі керуен

Әдебиет әлеміндегі түнгі керуен
фото: Астана қаласының әкімдігі

Елордадағы М. Әуезов атындағы қалалық кітапханада «Кітапхана түні – 2026» мәдени іс-шарасы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz. 

"Әдебиет әлеміндегі түнгі керуен» атты ерекше кеш кітап, руханият және шығармашылықты тоғыстырды.

Іс-шараның басты мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін дамыту, оқырмандар белсенділігін арттыру, көркем әдебиетке деген қызығушылықты ояту және өскелең ұрпақтың рухани-танымдық дамуына ықпал ету. Бұл жоба кітапхананың заманауи мәдени кеңістік ретіндегі маңызын арттырып, елорданың зияткерлік және шығармашылық ортасын дамытуға бағытталған.

Бағдарлама аясында әдебиет, өнер, тарих және заманауи мәдениетті біріктіретін мазмұнды кездесулер мен танымдық алаңдар ұйымдастырылды.

Қонақтардың назарына «Кітап – ұлттың рухы, тәуелсіздік – елдің тұғыры» атты тақырыптық кітап көрмесі ұсынылды. Көрме арқылы оқырмандар ұлттық тарих, ел тәуелсіздігі, бірлік пен ынтымақ, әдеби мұра және рухани құндылықтар туралы шығармалармен танысты.

Әдеби кештің маңызды бөлімдерінің бірі көрнекті жазушылармен жүздесу болды. Оқырмандар халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, жазушы Қуаныш Жиенбаймен және белгілі жазушы Қанат Әбілқайырмен кездесті.

Кездесу барысында қаламгерлердің шығармашылық жолы, әдеби үдерістегі ізденістері, заманауи қазақ әдебиетінің бағыттары мен кітап оқудың қоғамдағы рөлі талқыланды. Қатысушылар авторларға сұрақ қойып, еркін форматта пікір алмасып, әдебиет әлеміне қатысты ойларын ортаға салды.

Кездесуде қоғамдағы кітаптың орны, ақпараттық кеңістіктің өзгеруі, жастардың оқу мәдениеті және рухани құндылықтарды насихаттаудың маңызы жөнінде пікірлер айтылып, өзекті мәселелер талқыланды.

Кеш қонақтарына Астана қаласының мәдениет мекемелері мен театр ұжымдары әзірлеген концерттік және драмалық қойылымдар ұсынылды. Өнер көрсетілімдері әдеби шығармалардың мазмұнын сахналық тіл арқылы жеткізіп, көрермендерге ерекше мәдени әсер сыйлады.

Кітапхана кеңістігінде келушілерге арналған интерактивті аймақтар жұмыс істеді. Қонақтар шам жарығында кітап оқып, әдеби шығармалар әлеміне саяхат жасады. Сондай-ақ әдебиет, тарих және жалпы білім тақырыптарын қамтитын интеллектуалдық Quiz ойындары ұйымдастырылып, қатысушылардың білімін сынауға және танымдық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік берілді.

Жалпы «Кітапхана түні – 2026» – кітапты тек білім көзі ретінде ғана емес, қоғамды біріктіретін, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын және ұлттық құндылықтарды дәріптейтін маңызды рухани құрал ретінде танытатын мәдени жоба.

Іс-шара кітапхана қызметінің жаңа қырларын ашып, оқырмандар, қаламгерлер, өнер өкілдері мен қала тұрғындары арасындағы шығармашылық байланысты нығайтуға мүмкіндік берді. Әсіресе, жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру, олардың зияткерлік әлеуетін дамыту және бос уақытын мазмұнды ұйымдастыру бағытында іс-шараның пайдасы зор болды.