«Ән-жырым саған, Қазақстан!»

«Ән-жырым саған, Қазақстан!»
фото: Сұлтан Сейіт

Республика күніне орай Алматы ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Ән-жырым саған, Қазақстан!» атты мерекелік концерт өтті. 

Ел тәуелсіздігін, ұлттық бірлік пен ынтымақты дәріптеу, ұлттық өнерді насихаттау және көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында ұйымдастырылған мерекелік кеште «Әдемі» ардагерлер халықтық ансамблі мен «Березка» ансамблі өнер көрсетті. Қатысушылар қазақтың халық әндерін және танымал музыкалық шығармаларды орындап, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады.

Орталықтың ардагерлермен жұмыс жөніндегі ұйымдастырушысы Бақытжан Төлеубаеваның айтуынша, мұнда мәдени шаралармен қатар, аға буын өкілдерінің белсенді өмір салтын қалыптастыруға бағытталған түрлі жұмыстар жүргізіледі. «Мәдениет саласында 48 жыл еңбек еттім. Зейнетке шыққаннан кейін өзімнің құрдастарымды жинап, олардың бос уақытын тиімді өткізуіне, өнермен айналысуына жағдай жасауға атсалыстым. Соңғы төрт-бес жылда «Әдемі» халықтық ансамблін құрдық. Сондай-ақ орыс халқының әндерін орындайтын «Березка» ансамблін аштық. Әр ұлттың өкілдері өз өнерін көрсетіп, бір ортада бас қосуына мүмкіндік бар» деді ол.

Сонымен қатар орталық жанынан ұлттық өнерді дәріптейтін «Тамға» фольклорлық ансамблі жұмыс істейді. Ұжым қобыз, домбыра, сырнай және өзге де ұлттық музыкалық аспаптарды қолдана отырып, ұмыт бола бастаған өнер үлгілерін жаңғыртуға үлес қосып келеді. Бақытжан Төлеубаеваның айтуынша, ансамбль Қытайда өткен өнер байқауынан Гран-при иеленіп, ұжымның мерейін үстем еткен.

Орталыққа жалпы саны 5 мыңға жуық адам тіркелген. Күн сайын мұнда шамамен 500 адам келіп, өздерінің қызығушылықтарына қарай түрлі сауықтыру және шығармашылық сабақтарына қатысады. Сабақтар келушілердің кестесіне сәйкес ұйымдастырылады. Орталықта омыртқаны созуға арналған арнайы жаттығулар, оңалту гимнастикасы мен пилатес сабақтары да өткізіледі. Мұндай жұмыстар егде жастағы адамдардың денсаулығын нығайтып, қимыл-қозғалыс белсенділігін арттыруға бағытталған.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ