Бүгінгі таңда гаджеттер мен цифрлық медиа балалар өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Мұндай жағдайда олардың кітап оқуға деген ынтасы бәсеңдеуде. Дегенмен балалық шақтағы кітап оқу жай ғана уақыт өткізу емес, ол – бала миының жан-жақты дамуына, білімді әрі ойлы тұлға болып қалыптасуына негіз болатын басты құрал.
Баланың кітап оқуы жай ғана хобби емес, бұл – сыни ойлауды, жан-жақты танымды және заманауи дағдыларды қалыптастырудың негізгі кілті. Осы мақсатта «Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны шеңберінде арнайы мектепішілік кітапқұмарлар клубы құрылып, оқушылардың кітап оқуға деген ынтасын жандандыра түсті. Ең алдымен оқушының кітапқа деген сүйіспеншілігін арттыру үшін кітап оқудағы міндеті мен мақсаты айқын болуы керек.
«Кітап оқитын ұлт» республикалық марафоны басталғалы мектеп ұжымын ойландырған елеулі сұрақтар бар: Оқушылар неліктен кітап оқымайды? Оқушының кітап оқу дағдысын қалай қалыптастырамыз? Педагогтар қауымы, біз не істей аламыз? Ата-аналар не істей алады?
Бұл сауалдар төңірегінде педагогтар қауымы мен ата-аналар бала алдында өздерінің рөлін сезіне білуі керек:
Біріншіден, педагог мектепте баланың кітап оқуына қызығушылығын арттырып, кітап оқуға қатысты байқауларға қатыстырып, оқыған кітаптарын талдап, кітаптағы оқиға желісі негізінде түсірілген фильмдердің шығу тарихына тоқталып және баланың жас ерекшелігіне, қызығушылығына қарай кітап тізімін ұсынса, атқарылатын жұмыстар жеңілдер еді, баланы да кітап оқуға қызықтырар еді. Атап айтсақ, кітапты оқырман ретінде жай сыдыртып оқып шыққаннан пайда жоқ. Кейіпкерлердің терең ойлы сөздерін санаға түйіп, тіпті жаттап оқыған дұрыс. Осылай оқуды үйрену үшін оқушыларға үзінділер жаттатуды да дағдыға айналдырған жөн. Мысалы, Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұясынан» да үзінді жаттауға берілсе:
«Әкем тулап тұрған жігітке байсалдылық қонар деп, оқуға отырғызды. Алайда көкеме кітаптың да септігі тие қойған жоқ. Бұдан нәтиже шықпаған соң, әкем оған қолөнер шеберлігін, зергерлік өнерін үйретуге кірісті. Үйде жүріп мұның да үдесінен шықпайтынын білген соң, көкемді нағашыларымызға, әжемнің інісі – қатал мінезді Серкебайдың қолына бермек болып шешіпті».
Оқушы осындай үзінділерді жаттап қана қоймай, осы аз сөйлемдерде қандай мағына бар екенін талқылайды. Мектеп қабырғасынан кітап оқуды дағдыға айналдырған адам кітап арқылы өзін тәрбиелеуді тоқтатпайды. «Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирену» дағдысы қалыптасады деп ойлаймын.
Екіншіден, ата-аналар қауымы үйде кітап оқу мәдениетін ерте жастан қалыптастырса (ертегілерді, қисса-дастандарды, батырлар жырын оқу), баламен бірге өзі де оқып, оны талдауды әдетке айналдырса, баламен бірге кітапханалар мен кітап дүкендеріне баруды дәстүрге айналдырса, «Кітап оқитын әулет» сияқты жобаларға отбасымен бірге қатысса, баланың аз болса да жетістігіне қуана білсе, балдырғанның жеке тұлға болып қалыптасуына қосқан маңызды қадам болар еді.
Педагогпен қатар баланың кітап оқуға деген сүйіспеншілігі мен қызығушылығын қалыптастыруда ата-ананың да рөлі орасан зор екенін мойындауымыз керек. Мектеп білім мен бағыт бергенімен, кітап оқуды күнделікті әдетке айналдыратын орта – отбасы.
Әрине, гаджеттер мен әлеуметтік желілер заманында кітаппен бәсекелесу қиын. Дегенмен ата-ана мен педагог телефонды мүлдем тыйып тастамай, «экран уақытын» шектеу арқылы, телефон орнын қызықты оқылыммен алмастыра отырып, электронды кітаптарды (e-book) немесе аудиокітаптарды бірге тыңдауды дағдыландырса ғана кітап оқушы бала мәртебесіне қол жеткізе аламыз.
Оқушылар кітап оқуы арқылы білімге құштарлықты, жеңімпаздықты, жеңіске жету жолдарын, айналасындағыларды сыйлауды, адамдармен мәдениетті қарым-қатынас жасауды, ойлануды кейіпкерлерге еліктеу, қызығу арқылы үйренетін болады.
Қорыта айтқанда, бүгінде жастарды білімді де зияткер етіп тәрбиелеу үшін ең алдымен оқу мәдениетіне сүйене отырып, кітапқа деген сүйіспеншілікті, көркем әдебиетімізді, рухани құндылықтарымыздан қалған насихат-мұраларды жастардың санасына сіңіре білуіміз қажет. Тәрбиенің де, білімнің де көзі кітаптағы дана сөздер десек, біз соларды насихаттау жолында кітап оқу дәстүрінен қол үзбеуіміз керек. Бүкіл қоғам болып қолға алып, кітап оқитын ұлт болуды әрқайсысымыз өзімізден және өз отбасымыздан бастасақ, жас ұрпақтың тәрбиесі мен зияткерлік әлеуеті де өз жемісін берері анық.
Гауһар БАИШЕВА,
Астана қаласы әкімдігінің №2 өнер мектебі директорының орынбасары, педагогика ғылымдарының магистрі