Әнуар Әлжанов, хендлер: Тазы – біздің ұлттық құндылығымыз

Әнуар Әлжанов, хендлер: Тазы – біздің ұлттық құндылығымыз
фото: Ә.Әлжановтың жеке архивінен

Қазақ тазысын әлемге танытып жүрген хендлер, ветеринар дәрігер Әнуар Әлжанов "Тазы – біздің ұлттық құндылығымыз. Сондықтан бүгінгі таңда оның санын көбейтумен ғана шектелмей, дұрыс әрі сауатты асылдандыру жұмыстарына көңіл бөлу өте маңызды. Оның денсаулығын, дұрыс экстерьерін, мінез-құлқын және ең бастысы – табиғи аңшылық қасиеттерін сақтауымыз керек", деп санайды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Хендлер – итті көрмелерде кәсіби түрде таныстырып, оның экстерьері мен анатомиялық ерекшеліктерін дұрыс көрсете алатын маман.

Осы мамандықты меңгеріп, қазақ тазыларын Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және Италия елдерінде өткен көрмелерде таныстырып, көрсетіп жүрген Әнуар Әлжанов биыл Италияда өткен Дүниежүзілік чемпионатқа да қатысты.

-Өзім монопородты көрмелерге тұрақты түрде қатысып, қазақ тазысының Қазақстанда ғана емес, шетелде де дамуына қызығушылықпен бақылау жасап келемін. Иттермен өте ертеден айналысамын, ал қазақ тазысымен тікелей айналысып жүргеніме соңғы үш жыл болды. Осы уақыт ішінде бұл тұқымның қаншалықты ерекше әрі бірегей екеніне көзім одан әрі жетті. Қазақ халқы үшін тазы – ең алдымен мәдениетіміз, тарихымыз және ата-бабадан қалған асыл мұрамыз. Тазы – жай ғана ит немесе аңшылықтағы көмекші емес. Ғасырлар бойы ол қазақтың сенімді серігі болып, халқымыздың тұрмыс-тіршілігімен, аңшылық өнерімен және ұлттық дәстүрлерімен тығыз байланысты болды,- дейді ол. 

Оның айтуынша, 3 қыркүйек – тазыға және қазақ кинологиясына қатысы бар барша азаматтар үшін өте маңызды әрі айтулы күн. Бұл күн – ата-бабамыздан жеткен ұлттық мәдениетіміз бен дәстүрімізге деген құрметтің белгісі.

- Бұл біз үшін күнтізбедегі жай ғана дата емес. Бұл – Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге қазақ тазысы сияқты ерекше тұқым туралы тағы бір мәрте таныстыруға, оның жұмыс қабілетін, өзіндік экстерьерін, ақылдылығын, сұлулығы мен төзімділігін көрсетуге мүмкіндік беретін маңызды күн. Менің ойымша, біздің ортақ міндетіміз – ата-бабамыздан аманат болып жеткен қазақ тазысын өзінің табиғи қалпында сақтап, осы құндылықты келешек ұрпаққа лайықты түрде жеткізу,- дейді хендлер.