Алаяқтардың арбауына қалай түспейміз?

Алаяқтардың арбауына қалай түспейміз?

Заман дамыған сайын алаяқтықтың айла-тәсілі де күрделене түсті. Бұрын қылмыскерлер қарапайым алдау тәсілдерін қолданса, қазір жасанды интеллектінің көмегімен адамның дауысын айнытпай салып, жалған бейнероликтер жасап, жалған инвестициялық платформалар арқылы миллиондаған теңгені алдап алуға дейін жетті. Яғни қылмыскерлер цифрлық технологияның мүмкіндігін өз пайдасына жаратып отырғандықтан, интернет алаяқтығы бүгінде қоғам үшін ең басты қауіптердің біріне айналды.

Астананың бастамасы 

Айласы сан алуан алаяқтардың арбауына түсіп, өмір бойы жиған-тергенінен, мал-мүлкінен, тіпті баспанасынан айырылып, аса ауыр зардап шегіп жатқандар да аз емес. Сондықтан бүгінде интернеттегі алаяқтықпен күресу, оның алдын алу және тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру – құқық қорғау органдарының ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндетіне айналып отыр. Осы мақсатта Астана қаласының прокуратурасы өткен жылдың соңында «Qazaq Telecom» АҚ-мен бірлесіп арнайы Anti Call орталық құрып, күдікті қоңырау­ларды анықтап, азаматтарды алаяқ­тардың арбауына түсуден қорғау жұмысын жолға қойған болатын.

Құрылғанына бір жылға да толмаған бұл жоба өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерді. Бүгінде Астанада сәтті жүзеге асқан бұл тәжірибе еліміздің барлық өңіріне енгізіліп, арнайы колл-орталықтар жұмысын бастады. Бұл жүйе қалай жұмыс істейді? Алаяқтар қазір қандай айла-тәсілдерді жиі қолданады? Азаматтар өзін интернет алаяқтарынан қалай қорғай алады? Осы және өзге де сауалдарға жауап алу мақсатында колл орталығына арнайы барып, қызметімен таныстық. Сондай-ақ Астана қаласы прокуратурасының Қылмыстық сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қылмыстық қудалау басқармасының прокуроры Нұрислам Балтабековпен сұхбаттасып, көкейде жүрген көп сауалға жауап алдық.

Алаяқтарды аулайды

Колл-орталықтың жұмыс істеу тетігі қарапайым. «Qazaq Telecom» мамандары күмәнді телефон қоңырауларының трафигін бақылап отырады. Егер қоңырауда алаяқтық белгілері анықталса, ол арнайы орталықтағы операторларға бағытталады. Ал операторлардың міндеті – алаяқтарды әңгімеге тартып, мүмкіндігінше ұзақ сөйлестіру. Осылайша қылмыскердің уақытын алып, оның басқа азаматтарға хабарласуына мүмкіндік бермейді.

Сонымен қатар орталық қызметкерлері күдікті қоңырау­ларды бұғаттап қана қоймай, алаяқтардың қолданатын жаңа айла-тәсілдерін күн сайын саралап, олардың әрекет ету алгоритмін талдайды. Бұл мәліметтер кейін алдын алу жұмыстарында пайдаланылып, азаматтарға жиі кездесетін алаяқтық схемалар туралы ескерту жасауға мүмкіндік береді.

Жоба өз нәтижесін де көрсетіп үлгерген. Осы уақытқа дейін 1,5 миллионнан астам алаяқтық қоңыраудың жолы кесіліп, азаматтарға жетуіне мүмкіндік берілмеді. Бұдан бөлек, шетелден әрекет еткен 12 колл-орталықтың Қазақстан азаматтарына қоңырау шалу арналары толықтай тоқтатылды. Бұл – интернет алаяқтарына қарсы күресте колл-орталықтың тиімділігін дәлелдейтін нақты көрсеткіштердің бірі.

Прокурор нақты мысал да келтірді. Бір жолы оператор әңгіме барысында алаяқтың өзі танитын зейнеткер әйелдің жеке деректерін алып жатқанын байқайды. Ол жағдайды құқық қорғау орындарына хабарлағаннан кейін, жедел түрде киберполиция қызметкерлері іске қосылып, әйелдің дәл сол сәтте алаяқтардың ықпалымен банк арқылы несие рәсімдеп жатқанын анықтайды. Уақытылы араласудың арқасында зейнеткер алаяқтардың құрығынан аман құтылды.

Кең тараған тәсілдері

Сол орталық қызметкерлерінің және прокурордың айтуынша, бүгінде бірнеше алаяқтық схема ерекше белең алған.

Біріншісі – туысының аты­нан хабарласу. Алаяқтар жасанды интеллект көмегімен адамның дауысын өзгертіп, «апатқа түстім», «шұғыл ақша керек», «алыс жолға шыққан балаңыз жол апатына түсті» деген желеумен ақша сұрайды. Мұндай жағдайда көбіне егде жастағы адамдар алданып қалады.

Бұл тәсілдің де өзіндік сценарийі бар. Алаяқтар алдымен әлеуметтік желілер немесе басқа ақпарат көздері арқылы отбасы мүшелерінің сыртта жүргенін немесе сапарда екенін анықтап алғаннан кейін ата-анасына не жақын туысына телефон шалып, өзін полиция қызметкері, дәрігер немесе әлгі адамның жанында болған адам ретінде таныстырады. «Балаңыз жол-көлік оқиғасына ұшырады», «Қазір ауруханада жатыр», «Жағдайы өте ауыр, шұғыл ота жасау керек», «Қан құюға немесе ем-домға дереу ақша қажет» деген жалған ақпарат айтып, жәбірленушіні абыржытып, ойлануға мұрша бермейді.

Психологиялық қысымға түскен адамнан ақшаны дереу белгілі бір банк шотына немесе телефон нөміріне аударуды талап етеді. Кей жағдайда «ешкімге айтпаңыз», «тергеу жүріп жатыр», «уақыт жоғалтсаңыз, кеш болады» деп асықтырып, жақындарына хабарласуына да мүмкіндік бермеуге тырысады.

Мұндай алдау тәсілі шетелдерде бұрыннан кездеседі. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған деректерге қарағанда, алаяқтар ұзақ сапарға шыққан жолаушыларды әдейі бақылап, олардың аты-жөні, қай бағытқа бара жатқаны, билеттегі мәліметтері сияқты ақпараттарды біліп алуға тырысады. Кейін бұл мәліметтерді өз сыбайластарына жеткізеді. Ал екінші топ дереу жолаушының ата-анасына немесе жақын туыс­тарына хабарласып, «мінген көлігі жол апатына ұшырады», «балаңыз ауыр халде ауруханаға жеткізілді» деп сендіреді. Аты-жөнін, мінген көлгінің номеріне дейін айтып тұрған соң, қарсы тарап оның айтқанына бірден сеніп, ақша аударады. Сондықтан мамандар әлеуметтік желіде «сапарға шықтым» деп билетіңіздің, отырғызу талоныңыздың немесе көлік нөмірінің суретін жариялауға сақ болуға шақырады. Мұндай ақпарат алаяқтардың қолына түссе, олар оны өз мақсаттарына пайдаланып, сіздің немесе жақындарыңыздың сеніміне кіру құралына айналдыруы әбден мүмкін. Ең бастысы – мұндай қоңырау түскен жағдайда сабыр сақтап, ақша аударуға асықпай, алдымен жақыныңызбен тікелей байланысып, ақпараттың шынайылығын тексеріп алған жөн.

Екінші кең тараған тәсіл – SMS арқылы келген кодты алдап алу. Қылмыскерлер өздерін Kaspi.kz, Yandex, «Қазпошта», Temu немесе басқа жеткізу қызметінің қызметкері ретінде таныстырады. Кейде емханадан хабарласып тұрғанын айтып, профилактикалық тексеруге жазу үшін SMS-кодты сұрайды.

Азамат кодты айтқаннан кейін іске екінші топ кіріседі. Олар өздерін полиция, Ұлттық қауіпсіздік комитеті немесе Ұлттық банк қызметкері ретінде таныстырып, «сіздің атыңызға несие рәсімделіп жатыр, ақшаңызды сақтау үшін біздің айтқанымызды орындаңыз» деп психологиялық қысым көрсетеді. Осындай айлаға түскен адамдар кейде бірнеше ай бойы алаяқтардың нұсқауын орындап, банктерден несие рәсімдеп, тіпті үйін сатып, барлық қаражатын қылмыскерлердің есепшотына аударып жатады.

– Бұл жерде азаматтар есте сақтайтын ең маңызды қағида бар. Біріншіден, Қазақстанда банк қызметкерлері, полиция немесе Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері ешқашан телефон арқылы хабарласып, азаматтарға ақша аударуды немесе қандай да бір әрекет жасауды талап етпейді. Сондықтан өзін осы мекемелердің қызметкері ретінде таныстырған кез келген адамға бірден сене беруге болмайды. Екіншіден, SMS арқылы келген кодты бір рет айтып қойған күннің өзінде алаяқтар бірден сіздің атыңызға несие рәсімдей алмайды. Олар адамның үрейін туғызып, «қазір шұғыл әрекет етпесеңіз, барлық ақшаңыздан айырыласыз» деген сияқты сөздермен психологиялық қысым көрсетеді. Азаматтардың көбі дәл осы қорқынышқа еріп, алаяқтардың келесі айтқан әрекеттерін өз қолымен орындап береді. Сондықтан ең бастысы – сабыр сақтау, әңгімені бірден тоқтатып, банкке немесе тиісті мемлекеттік органға ресми байланыс арналары арқылы өзіңіз хабарласу, – дейді прокурор Нұрислам.

Мамандардың айтуынша алаяқ­тар қазір жеткізу қызме­тінің желісінен де жем түсіруге кіріскен. Яғни қылмыскерлер интернет-дүкендерден немесе басқа да көздерден тапсырыс берушінің байланыс нөмірін анықтап алғаннан кейін өздерін жеткізу қызметінің немесе қойма қызметкері ретінде таныстырады. «Сіздің тауарыңыз келіп тұр», «Қоймадан шығарайын деп жатырмыз», «Курьерді жіберу үшін немесе тапсырысты рәсімдеу үшін SMS арқылы келген кодты айтып жіберіңіз» деп сендіруге тырысады. Алайда бұл – алаяқтардың айласы. Өйткені қазіргі таңда көптеген жеткізу қызметтерінде растау коды тауар қоймадан шығарылар алдында емес, курьер тапсырысты жеткізіп, сатып алушы оны қабылдағаннан кейін ғана сұралады. Яғни алдын ала код сұраған кез келген адамға күмәнмен қараған жөн.

Терлемей табар тиын жоқ

Интернет алаяқтағы саласында «Табысты инвестиция» – ең қауіпті тұзақтардың бірі. Соңғы кезде инвестицияға қатысты алаяқтық фактілері күрт көбейген. Әлеуметтік желілерде немесе бейнеплатформаларда «оңай табыс табу», «ірі компания акциясына инвестиция салу» жөніндегі жарнамалар жиі кездеседі. Азаматтар байланыс деректерін қалдырғаннан кейін өздерін қаржы кеңесшісі немесе брокер ретінде таныстырған адамдар хабарласып, инвестиция жасауға үгіттейді.

Сондай-ақ олар арнайы жалған сайттарды пайдаланады. Мысалы, салған қаражаттың қысқа уақыт ішінде бірнеше миллион теңгеге көбейгенін көрсетеді. Ал қаражатты шешіп алмақ болған кезде «салық төлеу керек», «комиссия аудару қажет» деген түрлі себеппен қосымша ақша талап етеді. Ақша аударылған соң алаяқтар ізім-ғайым жоғалады.

Соңғы кездері бұл алаяқтық тәсілі жаңа деңгейге көтерілді. Қылмыскерлер енді жасанды интеллектінің көмегімен танымал тұлғалардың дауысын айнытпай салып, бейнесін сөйлетіп, жалған жарнамалар әзірлей бастады. Әлеуметтік желілер мен бейнеплатформаларда белгілі әншілердің, спортшылардың, қоғам қайраткерлерінің немесе кәсіпкерлердің атынан «тиімді инвестиция», «қысқа уақытта мол табыс табу» секілді ұсыныс­тар жиі кездеседі. Шын мәнінде, мұндай бейнероликтердің аталған адамдарға ешқандай қатысы жоқ. Мұндай технологияның қауіптілігі – бейне мен дауыс шынайы көрінетіндіктен, көпшілік оның жалған екенін бірден аңғара бермейді. Танымал тұлғаға сенген азаматтар жарнамадағы сілтемеге өтіп, жеке деректерін қалдырады немесе алғашқы инвестиция ретінде ақша аударады. Осылайша олар алаяқтардың арбауына түсіп, қомақты қаржысынан айырылып жатады. Сондықтан мамандар әлеуметтік желіде немесе интернетте танымал адамдардың атынан ұсынылатын кез келген инвестиция­лық жобаға сақтықпен қарап, ақпараттың ресми дереккөзден жарияланғанына көз жеткізбейінше, ақша аудармауға және жеке мәліметтерді енгізбеуге кеңес береді.

Құқық қорғау органдары жаңа қауіптің де пайда болғанын айтып отыр. Бұл – бұрын алаяқтарға алданып қалған адамдарды қайта алдайтын топтар. Олар өздерін қаржы мониторингі қызметкері немесе халықаралық компания өкілі ретінде таныстырып, «жоғалтқан ақшаңызды қайтарып береміз» деп сендіреді. Кейін келісімшарт жасау, банктік қызмет немесе заңгерлік көмек үшін ақша сұрап, азаматты екінші мәрте шығынға ұшыратады.