Прокуратура қызметкерлері Астана қаласының №19 және №51 мектептерінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық дәрістер өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Профилактикалық іс-шараларға 9–11 сыныптарда білім алатын 450-ге жуық оқушы қатысты. Кездесу барысында оқушыларға қазіргі таңда жастар үшін өзекті қауіп-қатерлер – есірткі қылмыстары, есірткі заттарын «жасырын орындарға» («закладка») орналастыру арқылы тарату, жасөспірімдерді есірткі саудасына тарту, дропперлік және интернет-алаяқтық мәселелері жан-жақты түсіндірілді.
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасөспірімдерді заңсыз әрекеттерге тарту тәсілдеріне ерекше назар аударылды. «Жеңіл әрі жылдам табыс» деген желеумен банк карталарын немесе шоттарын үшінші тұлғаларға беру, бөтен қаражатты аудару, сондай-ақ есірткі заттарын жасырын орындарға орналастыру заңда көзделген жауаптылыққа әкеп соғатыны ескертілді.

Прокуратура қызметкерлері нақты мысалдар негізінде мұндай заңсыз схемаларға қатысудың құқықтық салдарын түсіндіріп, қылмыстық жауаптылық туралы ақпарат берді. Сонымен қатар оқушыларға Интернет желісіндегі күмәнді жұмыс пен табыс ұсыныстарына сақтықпен қарау қажеттігі жеткізілді.
Аталған профилактикалық іс-шаралардың негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандардың қылмыстық әрекеттерге тартылуына жол бермеу, олардың құқықтық сауаттылығын арттыру, есірткіге және өзге де құқыққа қайшы әрекеттерге төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру.
Білім беру ұйымдарындағы профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.