Әкімдік грантына ие болған елордалық жастардың тарихы

Әкімдік грантына ие болған елордалық жастардың тарихы
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада 2026-2030 жылдарға арналған елорда әкімдігінің мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері анықталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Елордалық жастар үшін бұл грант – таңдаған мамандық бойынша жоғары білім алып, болашақ кәсіби жолына алғашқы қадам жасауға берілген мүмкіндік.

Грант иегерлерінің бірі – Адина Серікова. Ол «Информатика пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша білім алады.

Адина үшін бұл грант өзіне қызықты мамандықты меңгеріп, білім беру саласындағы кәсіби жолын бастауға мүмкіндік беріп отыр.
Тағы бір грант иегері Жансая да оқуын бастауға дайындалып жатыр. Алда оны жаңа кезең – білім алу, жаңа дүниелерді үйрену және кәсіби дағдыларын жетілдіру күтіп тұр.
«Алда – жаңа кезең», – дейді ол.

Грант иегерлерінің қатарында Арафат та бар. Ол сұранысқа ие мамандықты меңгеріп, алған білімін болашақта туған қаласының игілігіне жұмсауды жоспарлап отыр. 
«Қалама пайдамды тигізгім келеді», – дейді жас жігіт.

Елорда әкімдігінің мемлекеттік білім беру гранттары еңбек нарығының қажеттіліктері ескеріле отырып бөлінеді. Бұл – елордалық жастарға сапалы білім алып, өздері таңдаған салада кәсіби жолын бастауға мүмкіндік беретін қолдау.