Әке – асқар тау

Әке – асқар тау

Елордада «Жауапты әке  – тұрақты қоғамның тірегі» форумы атты жиын өткізіліп, жиынның мән-маңызы туралы келелі ой-пайымдар ортаға салынды.

Бұл жиын еркін форматта өтіп, қоғамға белгілі тұлғалар, әр салада белсенді қызмет етіп жүрген әкелер қатысты.

Іс-шарада қазақ қоғамындағы бүгінгі жаһандану процесінде ұлттық құндылықты сақтау, қазақи құндылықтарға негізделген ой-пікірлер ортаға салынды. Сонымен қатар отбасының тірегі ер адам, ал ұйытқысы әйел азаматшалар, ал бала өріс деген пайымдаулар ортаға салынды.

Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, өнер иесі Қанат Айтбаев қазіргі жаһандану үдерісінде, шетелге еліктемей, қайта қазақтың ұлттық құндылықтарына қарай ойысу аса қажет деп пайымдайды.

«Әке деген кезде әуелі өз әкем ойға оралады. Ол кісі мені жанында үнемі ертіп жүретін. Кең далаға алып шығатын. Туған жеріміздің қадір-қасиетін білуге үндейтін. Ел жақта басшылық қызметтер атқарды. Бірақ жұртпен өте байыпты сөйлесетін. Көбінесе барар жерге шопыры бола тұра, мені жанында ертіп алатын. Ол өзінің ісімен де, сөзімен де бізді тәрбиеледі. Қазақта «Әке көрген оқ жонар» деп бекер айтпаған. Сол соқпақпен жүріп келеміз  Қазір желілерде қоғамдағы кем-кетікті көрсетеді. Бұл әкенің бәрінің деңгей төмен деген сөз емес. Сондықтан жақсыны асырып, кем-кетік тұсымызды реттеп, ұлттық құндылықты дәріптеу, қазақи отбасыны сақтау бәрінен мағынасы зор», – дейді өнер иесі.

Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан өз ойын білдірді.

«Халқымыздың даналығында «әке – асқар тау» деген келеді, рухты тәмсіл бар. Негізі мақсат – әкелер отбасының қорғаушысы, қолдаушысы, отбасының ғана емес, қоғамның да тірегі екендігінің маңызын арттыру. Біздің қазақи болмысымыз елімізді сақтайды. Сыртта, жырақта жүргенде елдің қадірін түсінеміз. Мықты, рухты, жүректі ер-азаматтар бар кезде елдің айбыны жоғары, мерейі биіктей түседі, – деді ол.

Олжас ЖОЛДЫБАЙ