Ерекше спортшыларға арналған Happy Sun фестивалі өтті

Ерекше спортшыларға арналған Happy Sun фестивалі өтті
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада Даун синдромы бар балалар мен жастар арасында Happy Sun спорт фестивалі екінші рет өтті. Биыл іс-шараға 60 қатысушы тіркеліп, жеңіл атлетика, жүзу және үстел теннисінен бақ сынады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Айта кетерлігі, Happy Sun фестивалі былтыр алғаш рет өткізілді.

«Бірінші фестиваль бізге үлкен тәжірибе берді. Биыл сол тәжірибені іс жүзінде қолдандық. Спорт жарыстарын ұйымдастыру, төрешілердің жұмысы, қатысушыларға жағдай жасау және жалпы атмосфераны жақсартуға тырыстық. Шынымызды айтсақ, қатысушылардың саны бұдан да көп болуы тиіс еді. Алайда көптеген отбасы үшін елордаға келу және осында бірнеше күнге аялдау шығындары қиындық туғызды», – деді шараның ұйымдастырушысы Евгения Чеботаревская.

Екінші мәрте өткізіліп жатқан фестивальге Астана қаласынан бөлек, Алматы қаласы, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облысынан да қатысушылар тіркелді.

«Елімізде толыққанды жарыстар өткізу арқылы спортшылардың деңгейін объективті бағалап, мықты құрам жасақтауға болады. Happy Sun-ның негізгі мақсатының бірі де осы. Бұл жүйе алғашқы нәтижесін де беріп үлгерді. Былтырғы фестивальден кейін іріктелген спортшылар Қазақстан құрамасының сапында Ыстанбұлдағы чемпионатқа қатысып, жалпыкомандалық есепте екінші орын алды. Қазақстандық 20 спортшы 48 жүлде жеңіп алған», – деді Евгения Чеботаревская.

Бүгінде фестиваль аясында жеңіл атлетика, жүзу және үстел теннисі қамтылған. Бұл спорт түрлерімен Даун синдромы бар балалар мен жастардың көбі айналысады. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта дзюдо мен көркем гимнастиканы да қосуды жоспарлап отыр.

«Біздің мақсатымыз – бала спорт секциясына өзі келіп, дайындалған жаттықтырушыдан сабақ ала алатын жүйе қалыптастыру. Әр бала өзінің мүмкіндігін көрсетуге мүмкіндік алуы керек», – деп Евгения Чеботаревская өзінің жоспарымен бөлісті.