Өзім тұратын Сарыарқа ауданындағы №325 сайлау учаскесінде таңертең адам қарасы аса көп болған жоқ. Сайлаушылар асықпай келіп жатты. Өзімнің таңдауымды жасап, дауыс бердім. Редакциялық тапсырма бойынша, кәсіби қызметімді де қоса атқарып, сайлау учаскесінің төрағасынан аз-кем ақпарат алдым.
«Бұл учаскеде 3212 адам тіркелген. Қазірге дейін 60-қа жуық адам келіп, дауыс берді. Кешке дейін халықтың көпшілік бөлігі таңдауын жасайтыны анық. Бұл сайлауда тұрғындардың белсенділігі орташа. Бақылаушылар толықтай уақытында келді. Сайлау процесі қалыпты жағдайда өтіп жатыр» деді №325 сайлау учаскесінің төрағасы Айтбек Кәрібжанов.
Бір байқағаным, жұрттың көпшілігі дауыс беретін учаскеге кіре берісте ілініп тұрған мәслихат депутаттығына үміткерлердің аты-жөнін, өмірбаянын, кәсіби еңбек жолын сол жерде оқып тұрды. Бәлкім, насихат жұмыстарының ауқымы үлкен болмағаннан шығар. Ең бастысы, халықтың сайлауға деген құрметін көрдім.
Төлен Тілеубай