Кеше Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде Президенттің атом электр станциясын салу жөнінде референдум өткізу туралы жарлығы аясында АЭС құрылысын қолдауға арналған Астана қалалық халықтық штабының мүшелерімен кездесу өтті, деп хабарлайды www.astana-akshamy.kz
Баяндамашылар ретінде Ядролық физика институтының Астана филиалының инженері, «Байтақ», «Ауыл» партияларының жетекшілері және Астана қаласынан депутаты болып сайланған «АМАNАТ» партиясының мүшелері сөз сөйледі.
Жиын барысында спикерлер АЭС құрылысының әлеуметтік-экономикалық тиімділігіне тоқталды. Мысалы, АЭС еліміздің меншікті отын базасының әлеуетін кешенді пайдалануды және 60 жылдан астам уақыт бойына сенімді энергиямен қамтамасыз етіп, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыратынын айтты.
Сондай-ақ АЭС пен жел электр станциясы генерациясының салыстырмалы талдауы, сондай-ақ әлемдегі жұмыс істеп тұрған реакторлардың статистикасы берілді.
Одан бөлек, спикерлер Қазақстанда АЭС салу үшін екі жер – Абай облысындағы Курчатов қаласының ауданы мен Алматы облысындағы Үлкен ауылының ауданы қарастырылғанын атап өтті.
Кездесуге қатысушылар спикерлердің баяндамаларынан АЭС құрылысы, пайдасы мен қауіп-қатері туралы өздерін қызықтыратын сұрақтарын қойып, оларға барынша толық жауаптар алды.