Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев AI Journey 2026 халықаралық конференциясына қатысу үшін Мәскеу қаласына жұмыс сапарымен барды. Конференцияның қарсаңында Кремльде Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путиннің кездесуі өтті. Одан кейін Қазақстан мен Ресей президенттері жасанды интеллектіні енгізуге арналған көрмені тамашалады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев AI Journey 2026 халықаралық жасанды интеллект конференциясында сөз сөйледі. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин жасанды интеллектіні меңгерген талантты жастармен кездесті. Мемлекеттер басшылары мен жастардың сұхбаты сұрақ-жауап түрінде өрбіді.
Президенттер пікір алмасты
Жасанды интеллект тақырыбына арналған AI Journey форумы қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Кремльде Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Мемлекет басшысы жасанды интеллект тақырыбына арналған AI Journey 2026 конференциясын өткізудің маңызына тоқталды.
«Алғашқы форумды 2020 жылы Covid пандемиясы тұсында онлайн режимде өткізгеніміз есімде. Сол кезде Сіз үш-төрт жыл ішінде жасанды интеллект, цифрландыру тақырыбы алдыңғы орынға шығатынын айтқан едіңіз. Дәл солай болды. Қазір бәрі жоғары технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект келешектің келбетін қалай өзгертетінін айтып жатыр. Сондықтан осы жолғы форум, ең алдымен, біз үшін айрықша өзекті. Өйткені шын мәнінде цифрландыруға, жасанды интеллектіні дамытуға баса мән беріп отырмыз. Биыл Қазақстанда Жасанды интеллектіні дамыту жылы болып жарияланды. Біраз шаруа атқарылды. Біріккен Ұлттар Ұйымының E-Government, яғни электрондық үкімет пен адам капиталын дамыту рейтингінде 16-орынға табан тіредік. Бұл деңгейге 24-орыннан көтерілдік» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстан ресейлік жоғары технологиялық компаниялардың қызметін, әсіресе, киберқауіпсіздікті дамыту барысын қызығушылықпен зерделеп отыр.
«Менімен бірге үлкен делегация келді. Олардың қатарында цифрландыру мен жасанды интеллект технологиялары енгізіліп жатқан барлық бизнес саласының өкілдері бар. Ресейдің жоғары технологиялық бизнесі Қазақстанда кеңінен танымал. «Сберді» және елімізде ең үлкен жұмыс берушілердің бірі саналатын «Яндекс Қазақстан» компаниясын айрықша атап өткім келеді. Аталған бизнес өте жақсы дамып жатыр. Ресейлік компанияның біздің нарықтағы қызметіне көңіліміз толады, оларға барынша қолдау көрсетеміз» деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің, АҚШ Президенті Дональд Трамптың және Ресей Президенті Владимир Путиннің Шэньчжэнь қаласындағы үшжақты кездесуінің қорытындысына қатысты пікір білдірді.
«Сізді жуырда Қытайға жасаған сапарыңыздың табысты болуымен, сондай-ақ Шэньчжэнь қаласында өткен саммитке қатысуыңызбен құттықтаймын. Әрине, «үштіктің» отырысын қарап отырып, тарихтың осы бір күрделі кезеңінде, геосаяси ахуал шиеленісіп, тұрақсыздық белең алған сәтте Ресейдің ұлы держава ретінде алдыңғы қатарға шыққанына қуандым. Бұл, әрине, Владимир Владимирович, Ресей Президенті ретінде Сіздің зор еңбегіңіздің арқасы. Осы жайтқа шынайы қуандым. Ресей – ұлы ел. Мазмұны мен мәні тұрғысынан өте оңтайлы декларация қабылданды. Қазіргі әлемде бұдан зорын күту орынсыз болар еді. Байқауымша, аталған декларацияны әзірлеуге Өзіңіз тікелей атсалыстыңыз. Өйткені жазылу мәнері мен мазмұны маған таныс. Жиі айтып жүрген мәселелеріңіз осы құжаттың негізгі тармақтары ретінде енген екен. Бұл, әрине, ресейлік дипломатияның және Ресей мемлекетінің зор жетістігі» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Өз кезегінде Владимир Путин сапармен келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екіжақты қарым-қатынастың қарқынды түрде дамып келе жатқанына тоқталды.
«Біз Қазақстанда және Ресейде, сондай-ақ түрлі халықаралық іс-шаралар алаңында ұдайы кездесіп жүрміз. Бұл жолы Сіз жасанды интеллектіні дамыту саласында «Сбербанк» ұйымдастырған конференцияның құрметті қонағы ретінде келіп отырсыз. Қазақстанда ақпараттық технологияларды дамытуға баса мән беретініңізді білемін. Сізге сала мамандарының ой-пікірін тыңдау, жастармен, оқушыларымен және студенттермен сұхбаттасу, Ресей мен Қазақстанның жоғары технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастығы жайында әңгіме өрбіту қызықты боларына сенімдімін. Екі елдің тауар айналымы қарқынды түрде өсіп келеді, 30 миллиард долларлық межеге жақындап қалды. Ұлттық валюталарымыз арқылы есеп айырысу үлесі артып, 90 пайыздан асты. Үкіметаралық комиссия қос тарапта да белсенді жұмыс істеп жатыр. Жалпы алғанда, барлық бағытта ойдағыдай ілгерілеп келеміз. Меніңше, біздің тұрақты кездесулеріміз осы үдерістің қарқын алуына белгілі бір деңгейде оң әсер етіп отыр» деді Ресей Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
Халықаралық алаңға айналған жиын
Al Journey 2026 халықаралық конференциясы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин Қазақстан мен Ресейдің жасанды интеллект саласындағы жетістіктерін паш ететін стендтермен танысты. Қазақстанның көрме алаңында «Технологиялық ұлт», Startup City, GovTech, Aitu, «Көлік және FinTech салаларындағы ЖИ» секілді алты негізгі бағыт қамтылған. Ресей тарапының экспозициясы білім беру, денсаулық сақтау, қала құрылысы, сот ісін жүргізу, мұнай өнеркәсібі және басқа да секторлардағы цифрлық шешімдерге арналған. Екі елдің салалық ведомство басшылары жасанды интеллектіні қолдану арқылы жүзеге асырылып жатқан басым жобаларды таныстырды. AI Journey («Жасанды интеллект әлеміне саяхат») – жасанды интеллект технологияларын әлемдік деңгейде дамыту мәселелеріне арналған дәстүрлі конференция. Іс-шара 2016 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы уақыт ішінде бұл жиын ЖИ саласындағы беделді халықаралық алаңға айналды.
Ғылыми төңкерістің табалдырығында тұр
AI Journey 2026 халықаралық жасанды интеллект конференциясында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект саласындағы деңгейі аса жоғары мамандардың басын қосқан форумға шақырғаны үшін Владимир Путинге алғыс айтып, Ресейдің ғылым мен технологиядағы жетістіктеріне оң баға берді.
«Ресей ежелден данышпан ғалымдарымен, әсіресе, инженерия саласындағы өнертапқыштарымен танымал. Дәл осы жерде Михаил Ломоносов, Дмитрий Менделеев, Иван Кулибин, Николай Лобачевский, Андрей Колмогоров, Александр Попов, Сергей Королев, Константин Циолковский, Игорь Курчатов, Петр Капица және басқа да көптеген ақыл-ой алыптарының есімдерін атау орынды болар еді. Олардың бәрін бірдей атап-түстеуге қағаз да, уақыт та жетпейді. Академик Сергей Лебедевтің жетекшілігімен әлемдегі ең алғашқы электрондық есептеуіш машиналарының бірі жасалды. Бұл жаңа тұрпатты технологиялық жүйенің қалыптасуындағы маңызды кезең болды» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті атап өткендей, осы игі дәстүр қазіргі Ресейде де лайықты жалғасын тапты.
«Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының мәліметіне сәйкес, Ресей бірегей конструкциялар мен модельдер өндірісіне берілген өтінімдер бойынша әлемде екінші орын алады. Оның адамзат дамуындағы маңызына бір сөзбен баға беру қиын. Ресейдің жетекші технологиялық компанияларының, соның ішінде «Сбер» мен «Яндекстің» заманауи әзірлемелері жоғары технологияның дамуына қызығатын, ақ-қараны ажырата білетін кез келген адамды таңғалдырмай қоймайды. «Яндекс» те, «Сбер» де біздің нарықта кеңінен танымал. «Яндекс» шын мәнінде Қазақстандағы ең ірі жұмыс берушілердің бірі саналады. «Курчатов институты», «Сколково», «Иннополис», «Технополис» және басқа да маңдайалды мекемелер Ресей мемлекетінің инновациялық инфрақұрылымы қаншалықты ауқымды екенін анық көрсетеді» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының пайымдауынша, әлем жаңа ғылыми-техникалық революцияның табалдырығында тұр. Оның әсерінен жаһандық экономика, адамдардың дүниетанымы және тұтас мемлекеттер түбегейлі өзгеріске ұшырайтыны анық.
«Жасанды интеллект қазірдің өзінде жекелеген өндірістік және ойлау үдерісін немесе қазір айтылып жүргендей, когнитивтік процестерді автоматтандырумен шектелмей, технологиялық инфрақұрылымның ажырамас бөлігіне айналды. Биыл дүние жүзінде жасанды интеллектіге жұмсалған қаржы шамамен 2,7 триллион долларды құрауы мүмкін. Оның ішінде 1,5 триллионнан астамы цифрлық инфрақұрылымды дамытуға бағытталды. Стэнфорд университетінің зерттеуі бойынша сауалнамаға қатысқан ұйымдардың 88 пайызы өздерінің күнделікті қызметінде жасанды интеллектіні пайдаланатынын мәлімдеген. Екі жыл бұрын аталған көрсеткіш небәрі 55 пайыз еді. Ірі шетелдік технологиялық компаниялардың, соның ішінде ресейлік компаниялардың басшыларымен жиі кездесіп, пікір алмасамын. Жақында NVIDIA жетекшісі Дженсен Хуангпен жүздестім. Сондағы көзімнің жеткені – болып жатқан өзгерістер ұзақмерзімді әрі ол енді тоқтамайды» деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев технологиялық трансформация геосаяси шиеленіс күшейген, мемлекеттер арасындағы сенімге селкеу түскен кезеңде жүріп жатқанына назар аударды.
«Әлемнің мүлдем жаңа геотехнологиялық картасы пайда болды деуге болады. Озық шешімдерге, есептеу қуатына, білікті кадрларға қол жеткізу мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігіне және қауіпсіздігіне ықпал ететін факторға айналды. Халықаралық ғылыми байланыстарды шектеу, аса маңызды технологияларды аталған үдеріске қатысушы ат төбеліндей топтың қолында шоғырландыру түбі жаһандағы технологиялық теңсіздіктің ушығуына алып келеді. Елдердің арасында тағы бір жіктің қалыптасуына жол беруге болмайды. Керісінше, өзара тиімді халықаралық ғылыми-технологиялық ынтымақтастыққа тиісті жағдай жасау қажет» деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Президент озық технологиялардың артықшылықтарымен қоса қауіп-қатері де жеткілікті екенін алға тартты.
«Өкінішке қарай, жасанды интеллектіні цифрлық алаяқтық, жалған ақпарат тарату, жеке деректерді заңсыз қолдану, азаматтық инфрақұрылымға шабуыл жасау үшін пайдалануда. 6 қараша күні Иордания Королі II Абдалланың бастамасымен Астанада Ақаба процесінің саммиті өтті. Жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік мәселесі талқыланды. Пікірталастың нәтижесі жаңа технологияны қаскөй әрекеттерге пайдалануға қарсы бірге күресу қажеттігін тағы да растады» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар пленарлық сессия барысында Ресей Президенті Владимир Путин және «Сбербанк» ЖАҚ басқарма төрағасы Герман Греф сөз сөйледі.
Жастармен диалог жүргізді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путин Жасанды интеллект тақырыбына арналған AI Journey 2026 конференциясы аясында жастармен диалог жүргізді. Қазақстан Президенті халықаралық жасанды интеллект олимпиадасында жеңімпаз атанған жасөспірімдерді осынау бірегей форумға қатысу мүмкіндігіне ие болуымен құттықтады. Оның айтуынша, бұл – өз қарым-қабілетіңді әлемге, соның ішінде мемлекеттер басшыларына паш ететін орайлы сәт.
«Аға буынның парызы – талантты жастардың кәсіби тұрғыдан шыңдалуына жағдай жасау. Бұл – шын мәнінде, мемлекеттік маңызы бар міндет. Біз сіздердің ешқандай қиындықсыз лайықты білім алып, осы күрделі әлемде мемлекеттеріміздің өсіп-өркендеуіне және қауіпсіздігіне өз үлестеріңізді қосу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы жасанды интеллектінің даму процесі одан әрі үдей түсетінін, сөйтіп әлемнің дамуына айтарлықтай ықпал ететінін атап өтті.
«Қазақстан Республикасының Президенті ретінде мен цифрландыруға және жасанды интеллектіге басым стратегиялық міндет ретінде қараймын. Менің түсінігімде, жасанды интеллектінің серпінді дамуы Үкіметке жаңа міндеттер жүктейді. Әлі жасы жиырмаға да толмаған өскелең ұрпақтың баянды болашағы үшін аянбай еңбек етеміз. Өмірлерің алда, келешектің келбетін айқындау Сіздердің қолдарыңызда. Қазақстаннан келген азаматтарды ресейлік достарымызбен, серіктестерімізбен тығыз жұмыс істеп, өркениет жолына бірге қадам басуға шақырамын» деді Президент.
Бұдан кейін мемлекеттер басшылары мен жастардың сұхбаты сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Оқушылар мен студенттер президенттерге жауап беріп қана қоймай, жасанды интеллект технологияларын ғылым, білім, медицина, экономика салаларында және өнерде қолдануға қатысты өз ой-пікірлерін бөлісуге мүмкіндік алды. Қазақстан Президенті пікірталасқа қатысушылардың білімге құштарлығы толастамай, жаңа белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді. Кездесуге Қазақстан, Ресей және Үндістан елдерінен келген жас таланттар қатысты.