Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастыруымен зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері ұлы ақын Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына тағзым етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Тағылымды іс-шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Талғат Рахманберді, қалалық мәслихат төрағасы Табиғат Зейнұлқабден, Қоғамдық кеңес төрағасының міндетін атқарушы Кәрімбек Құрманәлі, Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов, одақтың Астана қалалық филиалының төрағасы Бауыржан Бабажанұлы, жазушы Роза Мұқанова, мемлекет және қоғам қайраткері Жанарбек Әшімжан және өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиналғандар Абай мұрасының қазақ руханиятындағы айрықша орнына тоқталып, ұлы ойшылдың шығармаларында көтерілген білім, ғылым, еңбек, әділет, адамгершілік пен ел бірлігі идеяларының бүгінгі қоғам үшін де маңызы зор екенін атап өтті.

Гүл шоқтарын қою рәсімінен кейінгі іс-шара Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында жалғасып, «Сөз өнері: жасампаз жас қалам» атты республикалық әдеби форумға ұласты. Оған Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері, белгілі ақын-жазушылар мен жас қаламгерлер қатысты. Олардың қатарында Серік Ақсұңқарұлы, Сауытбек Абдрахманов, Алдан Смайыл, Оңайгүл Тұржанова, Ділдәр Мамырбаева, Қуаныш Жиенбай, Ғалым Жайлыбай, Қойлыбай Асанов және басқа да әдебиет өкілдерімен қатар Алматы, Қарағанды және Ұлытау облыстарынан арнайы келген қаламгерлер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшелері, Астана қаласының әдебиеттанушылары мен сыншылары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері бар.

Республикалық әдеби форумның басты мақсаты – жас қаламгерлердің шығармашылық әлеуетін қолдау, қазіргі қазақ әдебиетінің өзекті мәселелерін талқылау, аға буын мен жас буын арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасау және әдеби ортадағы кәсіби байланысты нығайту.
Жиында жастар әдебиетінің қазіргі даму бағыты, жас қаламгерлердің шығармашылық ізденісі, әдебиеттегі буын сабақтастығы, бүгінгі әдеби сынның рөлі мен жауапкершілігі кеңінен сөз болды. Әдебиетке жаңадан қадам басқан жастардың шығармашылығын қолдау, олардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына жағдай жасау мәселелері де назардан тыс қалмады. Аға буын қаламгерлер мен жас шығармашылық иелері де еркін пікір алмасты.

Форум қорытындысында жастар әдебиетін қолдауға, жас қаламгерлердің шығармаларын насихаттауға және әдеби үдерісті дамытуға бағытталған нақты ұсыныстар мен тұжырымдар қабылданды. Ал қатысушылар Жасанды интеллект орталығына барып, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің әдебиет пен шығармашылық саласындағы мүмкіндігімен танысты. Онда қаламгерлер шығармашылық үдерісте жаңа технологияларды тиімді пайдалану жөнінде пікір алмасты. Одан кейін «ÓzgeEpic» шығармашылық орталығында әдебиет пен мәдениет өкілдерінің қатысуымен әдеби-музыкалық кездесу ұйымдастырылды. Мұнда жастар шығармашылығы, қазіргі әдеби үдерістер және мәдени ортадағы жаңа бағыттар төңірегінде бейресми пікір алмасу өтті.
– Бұл күндері бүкіл Қазақстан Абайға тағзым етіп, оның жырларын оқып, әндерін айтып, қазаққа қалдырып кеткен сан қырлы мұрасын еске алып жатыр. Бізге Абай өзінше асқақ күйінде, ғажап күйінде қайта оралды. Біз енді оны дәріптей береміз, – деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов.
Шапағат ӘБДІР