Музыка мектебінің мерейтойы

Астана қаласында Ермек Серкебаев атындағы №3 Балалар музыка мектебінің 40 жыл толуына орай мектептің ұстаздары мен оқушылары ұйымдастырған «Тамыры терең сазды әлем» атты мерекелік концерт өтті.
Мерекелік кеш қазақ ұлт аспаптар ансамблінің оқушылар орындауындағы күмбірлеген күйімен ашылды. Әрбір орындалған туынды тыңдармандарды ұлттық өнердің терең тамырына жетелеп, өнерпаз жас жеткіншектердің жоғары деңгейдегі орындаушылық шеберлігін паш етті.
40 жыл ішінде мектеп мыңдаған шәкіртті өнер жолына баулып, тек ұлттық музыка емес, сонымен қатар классикалық және заманауи туындылардан тұратын бай репертуарды меңгерту арқылы шығармашылық әлеуетті дамытты.
«Барлық білікті ұстаз бен жас өренді бүгінгі айтулы күнмен шын жүректен құттықтаймын! Әр баланың өнерін үнемі қолдайтын ата-аналарға алғысымды білдіремін. Осындай талантты жастар – еліміздің жарқын болашағы. Баршаңызға шығармашылық табыс пен жаңа жетістіктер тілеймін», – деді Астана қаласының Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыұлы.
Сазды әнге толы кеш көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, мектеп ұжымының көпжылдық еңбегі мен дәстүрлерін ұлықтаған мағыналы кешке ұласты. Зал көрерменге лық толып, өнерпаздардың ата-аналары ыстық ықыластарын білдірді.